KZ
Өскемен
-39°
туман Штиль
512.16 594.72 6.57

Қыс қаупін елемей қалмаңыз — ТЖМ тұрғындарды сақ болуға шақырды

12.01.2026, 11:30 124 Базарова Айгүл

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындарды қысқы маусымда ауа райының күрт нашарлауына байланысты барынша сақ болуға шақырады. Ведомство дауылды ескертулерді жіті қадағалап, қолайсыз метеожағдай кезінде алыс жолға шықпауға кеңес береді. Әсіресе, ауылдық елді мекендердің тұрғындарына қалың қар мен боран кезінде ұзақ серуеннен бас тарту ұсынылады. Ауа райына байланысты ескерту хабарламалары халыққа SMS-хабарлама, интернет-ресурстар, ресми сайттар және әлеуметтік желілер арқылы уақытылы жеткізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел ден қою мақсатында қысқы маусымға 44 мыңнан астам маман мен 14 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Еліміздің өңірлерінде 1 681 жылыту пункті әзір тұр, сондай-ақ ТЖМ-нің 40 трассалық медициналық-құтқару бекеті де қажет болған жағдайда тұрғындарға көмек көрсетуге әзір.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар автожол учаскесі жабылып, қозғалысқа шектеулер қойылды.

  • «Өскемен – Семей» (10–103 км, Герасимовка – Абай облысының шекарасы);
  • «Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катон-Қарағай – Рахман қайнары» (7–166 км, шаруашылық аумағынан Алтай қаласына дейін).

Жолаушылар автобустары мен тіркеме, жартылай тіркемесі бар жүк көліктері үшін:

  • «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» (1104–1191 км, Глубокое – Шемонаиха),
  • «Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» (15–105 км, Белоусовка – Риддер).
  • «Шемонаиха – Секисовка» (0–56 км) облыстық жолында да қозғалысқа шектеу енгізілді.

ТЖМ мамандары жүргізушілерге жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын тексеріп, көлікті қысқы талаптарға сай әзірлеуге кеңес береді.

Министрлік тұрғындарды сақтықты ұмытпай, өз өмірі мен жақындарының қауіпсіздігін бірінші орынға қоюға шақырады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу