KZ
Өскемен
+1°
снег жел 7 м/с, Ю
509.94 593.88 6.43

«Арман дүние» – жерлес жазушы, талантты ақын, драматург Ғалым Байбатыровқа арналған деректі фильм

Бүгін, 17:00 53 Даурен Аллабергенұлы

Облыстық Пушкин атындағы кітапханада белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасы Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, талантты ақын, драматург және журналист Ғалым Байбатыровқа арналған «Арман дүние» деректі фильмінің тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Ғалым Байбатыров 1949 жылы 12 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласында дүниеге келген. Осы ауданда орта мектепті, ал 1976 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдаған.

Еңбек жолын туған өлкесіндегі «Достық» газетінде бастап, әдеби қызметкер, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы болып еселі еңбек етті. Отыз жылдан астам уақыт Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», кейінгі «Дидар» газетінде аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы секілді басшылық қызметтерді атқарды. 

Кейін республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» басылымдарының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болды. Сонымен қатар, болашақ журналистерге Қазақ журналистикасының тарихы және қазіргі газет жанрлары пәндерінен дәріс оқыды.

Ақынның өлеңдері 1966 жылдан бастап республикалық, облыстық және аудандық мерзімді баспасөздерде жарияланып келді.

1981 жылы «Шығыс Қазақстан ақындары», 1982 жылы республикалық «Жазушы» баспасынан «Сәуір самалы», 1999 жылы «Әл-Фараби» баспасынан «Үміттің оты сөнбейді», 2000 жылы «Шығыс» баспасынан (Өскемен қаласы) «Арман дүние» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.

Мұнымен қатар «Зайсан тарихы» (2003), «Шежірелі Шығыс өңірі» (2006), «О дүниенің табалдырығы» (2007), «Жүрегімнің жанары» (2008), «Алтай-Ертіс» кітапханасы сериясынан шыққан өлкетану тақырыбындағы «Зайсан»(2015) атты тарихи-танымдық кітаптардың авторы. Халыққа кеңінен танымал «Өскеменім» секілді бірнеше әндерге сөз жазған.

Драматург ретінде де есімі кеңінен танылған Ғалым ағаның «Өңім бе, ойбай, түсім бе?», «Албасты» операциясы», «Отан үшін» пьесалары облыстық Жамбыл атындағы драма театрдың сахнасында аншлагпен қойылған.

Сондай-ақ, Ғалым Байбатыров Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының лауреаты, бірнеше жыр мүшәйралардың бас жүлдегері. Зәкір Баянов атындағы сыйлықтың иегері. Шығыс Қазақстан облысы әкімі сыйлығының лауреаты.

Бүгін өлке тарихы тақырыбына кеңінен қалам тербеген талантты қаламгердің туған күні. Арамызда болғанда Ғалым Байбатыров 77 жасқа толған болар еді. Білікті журналист 2012 жылы 14 қарашада Өскемен қаласында 64 жасында дүние салды. 

Өңірдегі жас қаламгерлер мен болашақ журналистер үшін тағылымдық мәні үлкен шара 16 қаңтар күні, сағат 14:00-де облыстық Пушкин атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылады. 




Фото: «Didar» газеті архивінен

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу