ШҚО-дан бастау алған қайырымдылық волонтерлік акция республикаға ұласты
Қазақстанның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымы 2026 жылды Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Бұл шешім қоғамда мейірімділік пен өзара қолдауды нығайтуды көздейтін «Мейірімді Қазақстан» тұжырымдамасымен өзара үндеседі. Осы идея аясында Шығыс Қазақстан облысында «Мейірімді Шығыс» атауымен қайырымдылық волонтерлік акция бастау алып, ел жастарының кең қолдауына ие болды. Жергілікті деңгейде қолға алынған бастама қысқа мерзім ішінде республика көлемінде ұйымдастырылып, мыңдаған жасты ортақ іске жұмылдырды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты – қоғамды қайырымдылық пен өзара көмек құндылықтары төңірегінде біріктіру, азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру және еріктілер қозғалысын кеңейту.
Акция аясында он күн бойы өңірлерде жастар ұйымдарының белсенділері мен волонтерлер әлеуметтік маңызы бар бірқатар жұмысты атқарды. Атап айтқанда, жалғызбасты зейнеткерлердің аулалары қардан тазаланып, қарттар үйлері мен балалар мекемелеріне көмек көрсетілді. Қолайсыз ауа райында коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен тағамдар таратылып, көлігі бар еріктілер аялдамаларда тұрған тұрғындарды үйлеріне дейін жеткізді.
Сонымен қатар, жас кәсіпкерлердің қолдауымен тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік себеттері үлестіріліп, медициналық мекемелерде қан тапсыру акциялары ұйымдастырылды. Акцияның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналып, нәтижесінде еліміз бойынша 10 мыңға жуық жас қамтылды.
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар табысталды.
ШҚО волонтерлік фронт-офисінің жетекшісі Айдос Әділбековтің айтуынша, мұндай бастамалардың халықтық қолдауға ие болуы – қоғамдағы оң өзгерістердің айқын көрінісі.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қайырымдылық волонтерлік бастама 1 наурызға дейін жалғасады.


