Жақсылық жолы Шығыстан басталды: елімізде «Мейірімді Қазақстан» акциясы өтіп жатыр
Шығыс Қазақстан облысында «Мейірімді Қазақстан» атты республикалық әлеуметтік акцияның ресми бастамасы берілді. Игі іс-шаралар легі облыстық Жастар ресурстық орталығының алаңынан бастау алып, алдағы 10 күн ішінде еліміздің барлық өңірін қамтымақ. Акция халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсетуге және қоғамда өзара көмек мәдениетін қалыптастыруға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақ халқы ежелден қиындыққа тап болған жанға қол ұшын беруді, мұқтажға демеу болуды өмірлік қағида еткен. «Асар», «садақа», «жылу жинау» сияқты дәстүрлер халықтың түп тәрбиесінде мейірім мен бірліктің терең орны бар екенін көрсетеді. Бүгінгі «Мейірімді Қазақстан» акциясы – сол ата-бабадан қалған ізгі жолдың заман талабына сай жаңғырып, қоғам өмірінде қайта жаңаша көрініс табуы.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, «Мейірімді Қазақстан» әлеуметтік акциясы азаматтардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыруды, қайырымдылық пен еріктілікті дамытуға үлес қосуды көздейді. Сондай-ақ жастарды қоғамдық пайдалы бастамаларға тарту – жобаның басты бағыттарының бірі.
Акцияның басталуы үшін Шығыс Қазақстан облысының таңдалуы кездейсоқ емес. Дәл осы өңірде, облыстық Жастар ресурстық орталығының базасында жобаға ресми старт беріліп, бастама республикалық деңгейде жалғасын тапты. Алдағы күндері акция еліміздің барлық өңірінде жастар ұйымдарының, волонтерлер мен белсенді тұрғындардың қатысуымен өтеді.
Шығыс Қазақстан жастары бұл игі істі бір күндік шара емес, ортақ жауапкершілік пен азаматтық ұстанымның көрінісі деп қабылдап отыр. Белсенді жастар мен еріктілер барша тұрғындарды қайырымдылыққа, өзара жанашырлық пен қолдауға үндеп, акцияға атсалысуға шақырды. Олардың айтуынша, мейірімділік – тек көмек көрсету ғана емес, қоғамдағы сенім мен бірлікті нығайтатын маңызды құндылық.
Игі бастама 10 күнге жоспарланған. Әр күннің өзіне тән тақырыптық бағыты бар. Негізгі басымдықтар қатарында жалғызілікті қарттарға көмек көрсету, қарттар үйлері мен балалар үйлеріне қолдау білдіру, медициналық ұйымдарда донорлық акциялар өткізу, аз қамтылған отбасыларға нақты көмек көрсету шаралары қамтылған. Сонымен қатар коммуналдық сала қызметкерлеріне қолдау көрсетуге бағытталған қоғамдық бастамаларға да ерекше назар аударылады.
Өңірлерде тұрғындардың нақты сұранысына негізделген қайырымдылық және еріктілік іс-шаралары ұйымдастырылады. Бұл жұмыстарға әлеуметтік салада тәжірибесі бар жастар бірлестіктері мен волонтерлер белсенді түрде атсалысады.
Алдағы он күн ішінде «Мейірімді Қазақстан» акциясы еліміздің барлық аймағын қамтып, жүзеге асқан іс-шаралардың қорытындысы өңірлерде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында, еріктілік пен әлеуметтік бастамаларды одан әрі дамытуға негіз болмақ.
Бұл бастама азаматтық белсенділікті арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарға негізделген ізгілікті істерді күнделікті өмірдің бір бөлшегіне айналдыруды мақсат етеді.
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі