Тұғырлы тұлға: Дінмұхамед Қонаевтың туғанына – 114 жыл
Фото: iie.kz
Бүгін, 12 қаңтарда, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 114 жыл толды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 1936 жылы Мәскеудің Түсті металл институтын тәмамдап, тау-кен инженері мамандығын алған. Еңбек жолын Балқаш мыс қорыту комбинатында бастап, өндірістік қызметтен бастап басшылық лауазымдарға дейін көтерілді.
Әр жылдары «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және Лениногор кен басқармасының директоры, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарды. 1960-1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып, елді ширек ғасырға жуық басқарды.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ел тарихында көреген басшы, парасатты тұлға, ұлт мүддесін биік қойған қайраткер ретінде қалды. Ол ұлттық мәдениет пен дәстүрді терең түсінген, білім мен ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан мемлекет қайраткері ретінде халық жадында сақталды.
Дінмұхамед Қонаев 1993 жылғы 22 тамызда 82 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі – кейінгі ұрпақ үшін өнеге.