KZ
Өскемен
-16°
переменная облачность жел 3 м/с, СШ
510.18 601.91 6.51

Агроөнеркәсіптік кешен: Жылан жылы Шығыста несімен есте қалды?

Бүгін, 10:00 77 Даурен Аллабергенұлы

2025 жылдың күзіне қарай өткен Қазақстан ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің II форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіптік кешенді, әсіресе әлеуеті зор әрі оны толық іске асыруды қажет ететін мал шаруашылығын кешенді түрде дамыту қажеттігіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Біз егін шаруашылығын дамыту бағытында белгілі бір жұмыстар атқарып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздік, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. – Ендігі кезекте мал шаруашылығына айрықша көңіл бөлуіміз қажет. Ұлан-ғайыр даламызда малды жыл он екі ай жайып, бағуға мүмкіндік бар. Бұл артықшылықты дұрыс пайдалану керек. Әрине, мал өсіру мен оның санын көбейту – оңай шаруа емес, өте күрделі міндет. Дегенмен, мемлекет тиісті қолдау көрсетеді. Қазіргі таңда нақты қаржыландыру тетіктері жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік бюджеттен жайылымдарды сумен қамтамасыз етуге, бордақылау алаңдарын салуға және асыл тұқымды мал сатып алуға субсидиялар бөлінуде.

Форум барысында еліміздің жайылымдық жерлердің көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұрғаны, сондай-ақ ет, сүт және қайта өңделген өнімдер өндіруге қолайлы басқа да мүмкіндіктердің бар екені атап өтілді. Әлемдік нарықта табиғи, экологиялық таза өнімдерге сұраныстың жоғары болуына байланысты экспорттық жеткізілімдерді арттыруға нақты мүмкіндік туып отыр.

Инновациялық серпіліс

Ал Шығыс Қазақстан облысының агроөнеркәсіптік кешенінде, соның ішінде мал шаруашылығы саласында алға қойылған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыру үшін қандай нақты шаралар қабылданып жатыр?

Осы тұрғыда Шығыс Қазақстан үшін аса жағымды жаңалықтардың бірі – Ұлан ауданына қарасты Украинка ауылында өңірдегі екінші роботтандырылған сүт-тауар фермасының ашылуы болды. Айта кетейік, сиырларды автоматты режимде сауатын алғашқы робот Глубокое ауданының Бобровка ауылындағы мал шаруашылығы фермасында іске қосылып, бүгінде аймақтың өзіндік төлтаңбасына айналған.

Екі жағдайда да инновациялық технологияларды бір компания сәтті игеріп отыр. Бұл кәсіпорында сүт шикізатын өндіруден бастап, оны өңдеуге және қосылған құны жоғары дайын өнім шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтитын тікелей интеграцияланған өндірістік жүйе қалыптасқан. Сонымен қатар, биыл кәсіпорында өз шикізатынан өндірілетін ірімшіктің тағы бір жаңа түрін шығару жолға қойылып, өңірде сұранысқа ие сүт өнімдерінің ассортименті едәуір кеңейе түсті.

Жақсы нәрсеге тез үйреніп кететініміз рас қой. Алайда, тереңірек ойласақ, Қазақстан экономикасының ең консервативті салаларының бірі саналатын ауыл шаруашылығында роботтарды қолдану – еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 34 жыл ішінде жүзеге асқан шынайы серпілістің айқын көрінісі. Айта кету керек, отандастарымыз Тәуелсіздіктің 34 жылдығын жуырда ғана атап өтті.

Бұл және өзге де маңызды мәліметтер Шығыс Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының 2025 жылды қорытындылауға арналған алдын ала есебінде кеңінен баяндалды.

Аталған жұмыстар Мемлекет басшысының Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде жоғары деңгейде өңделген өнімдер өндіруді дамыту және жекелеген элементтерді емес, толыққанды «ақылды» цифрлық экономика жүйесін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларының аясында жүзеге асырылуда.

Сүтті мал шаруашылығы – денсаулық кепілі

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында атап өткендей, жаһандық сын-қатерлер күшейген қазіргі кезеңде қуатты агроөнеркәсіптік кешен – елдің тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің басты кепілі.

– Біздің негізгі мақсатымыз – өңірдің ауыл шаруашылығын жоғары технологиялы, тиімді әрі бәсекеге қабілетті, сапалы деңгейге көтеру, – деп атап өтті басқарма басшысы Ажар Қажыбекова салаға қатысты сөзінде. – Бүгінде мал шаруашылығы саласында заманауи SMART-фермалардың озық элементтері енгізілген. Мұнда қажетті бағдарламалық қамтамасыз етуімен жабдықталған сауын залдары жұмыс істейді. Малды қоректендіру мен күтіп-бағуға арналған автоматтандырылған жүйелер орнатылған, жем-шөп тарататын роботтар, сауу роботтары қолданылады. Баламалы энергия көздері іске қосылған, сондай-ақ ұрықтандыру үшін бұқаларды компьютерлік іріктеу жүйесі де пайдаланылуда.

Айта кету керек, Шығыс Қазақстанда сүтті мал шаруашылығы саласының дамуы соңғы жылдары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыт өңір үшін өзіндік «мұнай саласына балама» ретінде қарастырылуда. Оған бірқатар маңызды алғышарттар да бар – қолайлы климат пен табиғи жағдайлар, мол жем-шөп қоры, селекциялық-асылдандыру ісіндегі бай дәстүрлер, қуатты ғылыми және кадрлық әлеует, сондай-ақ инновациялық технологиялар.

Сүтті мал шаруашылығы «майлы дақылдар» бағытымен қатар дамып келеді. Бұл салада майлы дақылдарды өсіру, өңдеуге арналған тауарлық өнім өндіру және селекциялық мақсаттағы жоғары өнімді майлы тұқымдар алу жұмыстары жүргізілуде. 

Сүт пен сүт өнімдерінің балалар мен егде жастағы адамдар үшін аса құнды тағам екені, сондай-ақ зиянды өндірістерде еңбек ететін жұмысшылар мен экологиялық жағдайы күрделі қалалар тұрғындарының ас мәзірінде міндетті түрде болуы тиіс өнім екені ешкімге құпия емес. Тарихқа көз жүгіртсек, ауыл мен елді мекендерде әрбір отбасының берекесі сауынды сиырмен тығыз байланысты болды. Адамдар оны күтіп-бағуға бар күш-жігерін, уақытын да, қаражатын да аямай жұмсаған, ал адал еңбек әрдайым өз жемісін берген.

Әлемдік тәжірибе өнім көлемін арттырды

«ALTAI-NEWS» медиа-орталығының журналистері Қазақстанның өзге өңірлерінің, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының озық тәжірибесін зерделеу және енгізуге арналған пайдалы семинарларды бірнеше мәрте кеңінен жариялап келеді. 

Бұл басқосуларға аграрлық сала өкілдері, Парламент депутаттары, ғалымдар қатысады. Әдетте семинардың теориялық бөлігі облыс әкімдігінде өтсе, практикалық кезеңі өңірдегі үздік сүт-тауар фермаларының базасында – мысалы, Шемонаиха ауданында ұйымдастырылады. Мұнда бізге брендтік өнімдері мен танымал сауда белгілері арқылы жақсы таныс ірі шетелдік компаниялардың өкілдері де қатысады.

Олардың жинақтаған ең озық тәжірибелері отандық мамандар тарапынан фермалар салу барысында, заманауи жабдықтармен жарақтандыруда, малды азықтандыру, суару, сауу үдерістерінде, жоғары құнарлы жем-шөп өсіру мен дайындауда, ветеринарлық қызмет көрсету мен күтіп-бағу ісінде кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар, шетелдік селекцияға жататын ұрық пен асыл тұқымды жас мал мұхит асып, сонау Еуропа елдерінен Шығыс Қазақстанға жеткізілуде.

Фермерлер мен үй шаруашылығындағы мал иелерінің «сиырдың сүті – тілінде, яғни бәрі жем-шөпке байланысты» деген бұрыннан қалыптасқан түсінігін түбегейлі өзгертуі мүмкін бір ғана деректі келтірейік. Соңғы ғылыми зерттеулерге сәйкес, жоғары әрі сапалы сүт өнімін алу үшін малға тек құнарлы азық қана емес, сонымен қатар ферма ішіндегі тазалық әрі таза ауа да аса қажет екені анықталған. Осыған байланысты, шетелден қымбат желдету жабдықтарын сатып алуға жұмсалған шығындар түптеп келгенде, өндірілген өнім көлемінің артуы есебінен толықтай ақталады.

Сондықтан, қазіргі заманғы қора-жайларда бұрын жұмыс істеуге келгендердің құлшынысын қашыратын көң иісі мүлде жоқ. Бұған қоса, компьютерлік сауатсыз және арнайы дайындықтан өтпеген адам жаңа техниканы игере алмайды. Сол себепті, бүгінгі фермаларға заман талабына сай, жаңа формациядағы білікті кадрлар қажет.

Шығыстағы үздік фермалар

Ресми деректерге сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында бүгінде 33 сүт-тауарлы ферма жұмыс істеп тұр, ал таяуда Алтай ауданында тағы бір жаңа ферма аймақ басшысының қатысуымен пайдалануға берілді.

– Олардың ішінде ең жоғары технологиямен жабдықталған жеті сүт-тауарлы ферма бар, – деп атап өтті салалық басқарманың басшысы Ажар Қажыбекова. – Олар – Глубокое ауданындағы «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» кәсіпорнының сүт-тауарлы фермалары, Шемонаиха ауданындағы «Камышинское» мен «Заря», Алтай ауданындағы «Средигорное-2» және «Шығыс», сондай-ақ Ұлан ауданындағы «Украинка» мен «Бобровка+» фермалары.

Аймақтағы өңдеу саласында қазіргі таңда жалпы өңдеу қуаты 206 мың тоннаны құрайтын 11 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қаржылық тұрақтылығын қолдау мақсатында шикізатқа жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу үшін мемлекеттік субсидиялар қарастырылған.

Ағымдағы жылы осы бағдарлама аясында аталған кәсіпорындарға бір миллиард теңгеден астам субсидия төленді.

Сүт өнімдерін өңдеу көлемінің артуы – ел ішінде қосылған құнның өсуіне жол ашады. Ал өңделген әрбір тонна сүт – жаңа жұмыс орындары мен экспорттық әлеуеттің ұлғаюын білдіреді.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, ауылдың әлеуметтік дамуына ерекше көңіл бөліп отырған кәсіпорындардың бірі – «Шығыс – Сүт». Соңғы жылдары Ұлан ауданының Украинка ауылында мәдениет үйі жаңадан салынып, толықтай заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді. Фельдшерлік пункт, жастар орталығы мен кітапхана ашылды. 

Сонымен қатар дәріхана мен ауыл мұражайының құрылысы жүргізіліп жатыр, кәсіпорын қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақын. Ал келесі жылы жұмысшыларға арналған жатақхана салу жоспарда бар. Қыс мезгілінде кәсіпорын жолдарды қардан тазалауды қамтамасыз етіп, жергілікті мектепке демеушілік көмек көрсетіп келеді.

Биыл облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Шемонаиха ауданындағы «Камышинское» шаруашылығын әлеуметтік жауапкершілігі жоғары агроөнеркәсіп кәсіпорындары арасындағы облыстық байқаудың жеңімпаздары қатарынан таныды. 

Бұл шаруашылық ауылды көркейтуге, әлеуметтік инфрақұрылымды қолдауға және қызметкерлердің өмір сүру сапасын арттыруға белсенді атсалысып келеді. Атап айтқанда, коттедж қалашығы, демалыс саябағы, шағын хайуанаттар бағы мен балалар алаңдары салынған. Сонымен бірге көгалдандыру жұмыстарын жүргізіп, мектеп, балабақша және мәдениет үйін жөндеуге, жергілікті инфрақұрылымға, жолдар мен су құбырына, ауыл көшелерін жарықтандыруға қаржылай қолдау көрсетуде. Дәл осы шаруашылықта кеңсе ғимаратының алдында қазіргі уақытта сирек кездесетін, өнімділігі жоғары сиыр тұқымына арналған ескерткіш орнатылған.

Шыны керек, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген жандарға алғыс жиі айтыла бермейді. Алайда, мұндай ризашылық сөздер ешқашан артық емес. Өйткені, Мемлекет басшысының шешімімен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Осыған орай, Қазақстанның Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында өз өңірінің және тұтас елдің игілігі үшін еселеп еңбек етіп жүрген көптеген отандастарымызға жоғары марапаттар табысталды.


Таир Сапарғалиев

Аударған: Дәурен Аллабергенұлы

Фото: Артём Жигулин 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу