Еліміз агрохабтарды, заманауи логистикалық орталықтарды дамытуды және мал шаруашылығын қолдауды басты басымдық етуі тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтып, азық-түлік қауіпсіздігі импортқа емес, ұлттық ресурстарға негізделуі қажет екенін ерекше атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Қазіргі таңда басты назарды агрохабтар мен логистикалық орталықтарды дамытуға, сондай-ақ шетелдік инвесторлармен стратегиялық әріптестік орнатуға аудару қажет. Бірақ өнімді инвестициялық ынтымақтастық құру үшін отандық кәсіпкерлер заманауи бизнес үрдістерін біліп, жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті пайдалануы тиіс, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Үкіметтің негізгі міндеті – ішкі азық-түлік нарығының импортқа тәуелділігін төмендету.
– Әрине, толықтай өзін-өзі қамтамасыз ету мүмкін емес, бәлкім, қажет те емес. Бірақ қазіргі нарықтағы жағдай – ұятты құбылыс, – деп қадап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мал шаруашылығын дамытуға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді.
– Министрлік агробизнесті қолдау жоспарын әзірлеп, мал шаруашылығы саласын қаржыландырудың пәрменді тетіктерін іске қосуы қажет. Мақсат – ішкі нарықты етпен толық қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыру, – деді.
Агрохабтарды дамыту бір мезетте бірнеше мәселені шешуге мүмкіндік береді: халық үшін өнімнің қолжетімділігін арттырып, өңірлердің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында сүт пен етті терең өңдеу жобалары іске асырылуда. Дегенмен жүйелі мемлекеттік қолдаусыз олардың импортпен бәсекелесуі қиын.
– Біздің кәсіпкерлер ЕАЭО елдеріндегі әріптестеріне қарағанда мемлекеттен қажетті қолдауды толық ала алмай отыр. Соның салдарынан теңсіз жағдайда қалып, тіпті өз нарығынан айырылып жатыр. Әсіресе бұл мәселе сүт өндірушілерге қатысты, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұлттық өнімді шетел нарығына шығарудың да өзектілігін атап өтті.
– Дәстүрлі ұлттық өнімдерді сыртқы нарыққа белсенді түрде ілгерілету қажет. Ол үшін нақты агроэкспорт жоспары керек. Бұл жоспар логистиканы, ветеринарлық және фитосанитарлық стандарттарды, сондай-ақ тиімді маркетингтік стратегияны қамтуы тиіс. Бұл – тек Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғана емес, бірқатар мемлекеттік органның міндеті. Сондықтан Үкімет деңгейінде үйлестіру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент ЕАЭО аясында әділ сауда қағидаттарын орнатудың маңыздылығын айтты.
– Үкімет еуразиялық сауданы дамытуда әділ шарттарды қорғауға міндетті. Ал депутаттар отандық өндірушілердің мүддесін заңнамалық бастамалар арқылы қорғауға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Алдағы уақытта Үкімет агробизнесті қолдау мен экспортты дамыту жөніндегі кешенді жоспарды әзірлейді. Жақын күндері Ауыл шаруашылығы министрлігі мен өңір әкімдіктері агрохабтарды дамытуға, қайта өңдеуді жандандыруға және ішкі нарықты қорғауға бағытталған нақты бастамаларын ұсынбақ.
Дамир Омаров