Жас ұрпақтың азаматтық дауысы
Бүгінгі буынның ішінен қоғамдық ойдың тамырын дөп басуға ұмтылған, сөзге жауапкершілікпен қарайтын, өз заманының үніне құлақ түруге дайын жас азаматтардың бірі – Жігер Сәрсенбаев. Бүгінгі Altainews.kz кейіпкері болмысында айғай жоқ, ой бар, пафос жоқ, терең пайымы бар азамат пікір айту мәдениетін жарыс немесе қарсыласын жеңу құралы деп емес, қоғаммен ашық диалог орнатудың, уақыттың өзекті сауалдарына жауап іздеудің өркениетті тәсілі деп түсінетін өңірдің өр рухты өрені.
Пікірсайыс – мінбер ғана емес, ішкі тәртіп пен интеллектуалдық адалдықты талап ететін өмір мектебі. Сөз сайысы арқылы ол ойды жүйелеуді, дәлелдің салмағын өлшеуді, тыңдай білуді, қарсы пікірге құрметпен қарауды үйретеді. Бұл қасиеттер тек пікірсайыс алаңында емес, қоғамдық кеңістікте де сөз мергенін даралап тұрады. Университет қабырғасындағы белсенділігі, жастармен жүргізген жұмысы, саяси үдерістерге ерікті ретінде араласуы Жігер Сарсенбаевтың азаматтық ұстанымын бекітіп, саналы әрекетке айналдырып келеді.
Бұл сұхбат – жастықтың жетістігі, бүгінгі жастардың ойлау кеңістігі, азаматтық жауапкершілігі, таңдау еркіндігі мен болашаққа деген күмәні мен үміті қатар өрілген әлемге үңілу болмақ.
– Жігер, сені көптеген жастар пікірсайысшы ретінде таниды, бірақ бұдан бөлек қоғамдағы бағыттарда да белсенді қызмет істеп жүргенің белгілі. Өз жолыңның қыр-сырымен бөліссең...
– Қазіргі таңда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде «Экономика және басқару» мамандығында білім алып жүрмін. Оқуға ақылы негізде түсіп, студенттік жылдарымды еңбекпен ұштастыра білдім. Сабақтан қол үзбей жүріп, қоғамдық өмірге де белсене араласуға тырыстым. Түрлі жарыстар мен ғылыми конференцияларға қатысып, өзімді әр қырынан сынап көрдім. Соған қарамастан, оқу үлгерімін де назардан тыс қалдырған емеспін.
Үш жылдың ішінде «Ділмар» пікірсайыс клубының екі республикалық чемпионатын ұйымдастыруға мұрындық болдым. Биыл аталмыш клуб алтыншы мәрте республика көлемінде сөз сайысын өткізуді жоспарлап отыр. Осы еңбегім мен белсенділігім ескеріліп, университет ректоры Мұхтар Төлегеннің атындағы грант иегері атану бақыты бұйырды. Бұл – мен үшін үлкен жетістік әрі зор мақтаныш. Өйткені анам мені және қарындасымды жалғыз өзі тәрбиелеп өсірді, сондықтан университет тарапынан көрсетілген мұндай қолдаудың орны мен үшін ерекше.
«Ділмардан» бөлек, соңғы екі жыл бойы университет қабырғасында өтетін «Парасат» зияткерлік ойынын жүргізіп келемін. Сонымен қатар «Саналы ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер клубының белсенді мүшесімін. Бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып, түрлі іс-шараларға қатысып, мемлекеттік қызметкерлер мен студенттерге арналған танымдық дәрістер оқыдым. Бүгінде де осы клуб құрамында қоғамдық жұмысымды жалғастырып келемін.
– Сөз сайысына жетелеген жол қайдан басталды??
– Колледждегі оқуымды тәмамдаған соң, 2022 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жанындағы «Ділмар» пікірсайыс клубына қатысуға бел будым. Шынымды айтсам, алғашқыда пікірсайысты жай ғана сөз таластыратын, бір-бірімен ұрысып, эмоцияға берілетін алаң деп үстірт қабылдағаным рас. Алайда уақыт өте келе бұл көзқарасым түбегейлі өзгерді. Пікірсайыс – айқай мен дау емес, ойдың салмағы, уәждің қуаты мен мәдениетті пікір алмасудың мектебі екенін сол ортада жүріп ұқтым.
Бүгінде университет қабырғасында жеткен жетістіктеріме көз жүгіртсем, оның 90–95 пайызы дәл осы пікірсайыс арқылы келгеніне көзім жетеді. Қоғамдық өмірге белсенді араласуым, түрлі әлеуметтік бастамаларға қатысуым, тіпті пікірсайысқа тікелей қатысы жоқ іс-шараларда да пікір білдіруге шақырылуым – осы пікірсайыс мектебінің жемісі. Қай ортада болсын ойымды жүйелі жеткізіп, дәлелді сөйлеу, адамдармен еркін қарым-қатынас орнату қабілеті пікірсайыс арқылы қалыптасты.
Пікірсайыс мені тек сахнаға ғана емес, үлкен аудиторияға алып шықты. Өзге қалаларда өткен шараларда сөз сөйлеу, семинарлар мен форумдарға қатысу, түрлі көзқарастағы адамдармен пікір алмасу – мұның бәрі пікірсайыс арқылы жолы ашылған мүмкіндіктер. Бұл тәжірибе өзіме деген сенімді нығайтып, ойымды ашық айтуға, жауапкершілікпен сөйлеуге үйретті.
Ғылым саласындағы қадамдарымда да пікірсайыстың ықпалы айқын сезілді. Университетте ғылыми мақалалар жазу, оларды қорғау, өз зерттеуіңді дәлелмен жеткізу барысында осы шешендік мектебінен алған дағдыларым көп көмегін тигізді. Пікірсайыс мен үшін тек жарыс алаңы ғана емес, өмірлік мектепке, тұлғалық қалыптасудың берік іргетасына айналды.
– Жалпы, өңірдегі пікірсайысшылардың өмір айнасынан хабардар етсең. Студенттер мен осы тақырыпқа қызыққан азаматтардан бөлек біз біле бермейтін қандай тұстары бар?
– «Ділмар» пікірсайыс клубы 2015 жылы құрылған. Бүгінде бұл ортаға тұрақты түрде 70–80-ге жуық жас қатысады. Клуб аясында жыл сайын мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орны студенттері арасында қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі пікірсайыс турнирлері ұйымдастырылып келеді. Біз Өскемен қаласындағы ең белді, беделді үш университеттің студенттерімен түрлі тақырыпта ой жарыстырып, өзара тәжірибе алмасамыз. Бұрын Абай облысымен бір аймақ болып тұрған тұста пікірсайысқа қатысушылардың географиясы әлдеқайда кең еді, сол кезең пікірсайыс қозғалысының қарқынын арттырған уақыт ретінде есте қалды.
Апта сайын өтетін осы жиындарға үздіксіз қатыса жүріп, өзімнің де пікірсайыс алаңындағы беделім қалыптасты. Павлодар мен Семей қалаларындағы сөз майталмандарымен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды, таным көкжиегім кеңейе түсті. Қазір тек С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің өзінде 80-ге жуық белсенді пікірсайысшы бар десек, ал Өскемен қаласының өзінде бұл қозғалысқа қатысатын жастардың саны 500-ден асады деуге толық негіз бар. Әлеуметтік желілерде арнайы парақшалар ашылып, сол жерде пікірсайыстардан үзінді бейнероликтер жарияланып отырады.
Төрт жыл бойы белсенді түрде пікірсайысқа қатысып, осы аралықта төрт мәрте республикалық чемпионатта топ жардым. Оның үшеуі Семей қаласында, біреуі Өскемен қаласында өткен дүбірлі дода болатын. Өскеменде Қазақстан халқы Ассамблеясының кубогын иеленсем, Семейде Мұхтар Әуезов атындағы қалалық педагогикалық колледждің кубогы, Шәкәрім университеті ректорының кубогы және Абай облыстық мәслихатының кубогын жеңіп алдым. Бұл жеңістер мен үшін тек жүлде ғана емес, ұзақ жылғы еңбектің, үздіксіз дайындықтың нәтижесі болды.
Биыл пікірсайыстағы жетістіктерімнің ең биік белесіне жеттім деп ойлаймын. Себебі «Хабар» телеарнасы ұйымдастырған, елге кеңінен танымал «Азамат» телепікірсайыс бағдарламасына қатысу бақыты бұйырды. Бұл — кезінде Нұрсұлтан Құрман, Ерболат Мұхамеджан, Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай сынды тұлғалар қатысқан беделді жоба. Биыл наурыз айында бағдарлама қайта жаңғырып, еліміздің 32 университетінен үздік өкілдер шақырылды. Сол додада Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғау маған сеніп тапсырылды.
Бағдарлама аясында он күн бойы «Қазмедиа» орталығында болып, Асхат Аймағамбетов, Саясат Нұрбек, Руслан Желдібай сынды саясаткерлермен, еліміздің танымал әрі тәжірибелі журналистерімен жүздестік. Бұл күндер маған тек пікірсайыс емес, үлкен өмірлік мектеп болды. Эфирге дайындық, психологиялық төзімділік, дикциямен жұмыс, камера алдындағы еркіндік сынды көптеген практикалық дағдыларды меңгердік. Жүздеген жарық пен бірнеше камера дәл саған бағытталған сәтте қобалжудың оңай екенін сонда түсіндім. Өз ортаңда, таныс адамдармен пікір таластыру бір басқа, ал қазылар алқасында Саясат Нұрбек пен Асхат Аймағамбетов сынды елге белгілі тұлғалар отырған кезде жауапкершіліктің салмағы еселене түседі.
Бағдарламада ұсынылған тақырыптарға дайындалуға он күн уақыт беріледі. Бұл — үлкен еңбекті, терең талдауды талап ететін кезең. Өмірлік мәні бар, республикалық деңгейдегі өзекті мәселелерді бүкіл елдің алдында талқылау – пікірсайысшы үшін ең жоғары сынақтардың бірі. Сол себепті пікірсайыстағы жетістігімнің шын мәніндегі шыңы ретінде дәл осы бағдарламаға қатысқанымды айта аламын.
Келер жылы «Азамат» бағдарламасының екінші маусымы өтеді. Егер алғашқы аймақтық іріктеуден сүрінбей өтсем, тағы да бақ сынап, ел алдында пікір білдіруге дайынмын. Бұл – менің алдағы нақты жоспарым әрі үлкен мақсатым.
– Пікірсайыстарда жастарды толғандыратын қандай тақырыптар жиі қозғалады?
– Біздің пікірсайыстардың күн тәртібінен демократиялық сипаттағы тақырыптар ешқашан түскен емес. Сөз бостандығы, ел ішінде болып жатқан саяси үдерістер, қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер – пікірталастың негізгі өзегіне айналады. Мәселен, атом электр станциясының құрылысы, жасанды интеллектінің дамуы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес секілді тақырыптар үнемі қозғалып отырады.
Егер мен ұйымдастыратын турнир жасанды интеллект тақырыбына арналса, әңгіме оның тек технологиялық қырымен шектелмейді. Біз бұл құбылыстың қоғамға тигізер пайдасы мен ықтимал қауіп-қатерін, адамзат болашағына әсерін жан-жақты талқылаймыз. Яғни, мәселе «иә» немесе «жоқ» деген қарапайым ұстаныммен емес, терең талдау мен уәж арқылы сараланады.
Ал Абайдың 180 жылдығына арналған пікірсайыстарда сөз арқауы мүлде басқа арнаға бұрылады. Мұнда ұлттық құндылықтар, философиялық ой, Абайдың қара сөздеріндегі тағылым, «бес асыл істің» қайсысы бүгінгі қоғам үшін аса өзекті деген сауалдар төңірегінде ой өрбиді. Мұндай тақырыптар жастарды тек пікір айтуға ғана емес, рухани ізденіске, өзін-өзі тануға жетелейді.
Техникалық бағыттағы жоғары оқу орындарында ұйымдастырылатын пікірсайыстар да сол ортаның тыныс-тіршілігіне сай құрылады. Робототехника, жаңа технологиялар, цифрландыру, болашақ мамандықтар секілді тақырыптар күнделікті өмірмен астасып жатады. Осылайша пікірсайыс әр ортаға бейімделіп, жастардың кәсіби қызығушылығы мен қоғамдық санасын қатар дамытатын әмбебап алаңға айналып отыр.
– Жасанды интеллект жайлы айтып қалдың. Қазақстан өзінің болашақтағы бағдарын осы технологиямен ұштастырып отыр. Сенің пікірің қандай? Дайын асқа, тік қасық демекші, кейін бұл жастардың зияткерлік қабілетіне кері әсерін тигізбес пе?
– Жасанды интеллект тақырыбы қозғалғанда біз, ең алдымен, оның мүмкіндіктері мен шектеулерін қатар талқылаймыз. Болашақтағы орны, түрлі салаларға ықпалы, қоғам өмірін қалай өзгертетіні жөнінде кеңінен сөз қозғаймыз. Сонымен бірге бұл технологияның көлеңкелі тұстары да назардан тыс қалмайды. Өйткені кез келген жаңашылдықпен бірге жауапкершілік те қатар жүруі тиіс.
Бұрын пікірсайысқа дайындық барысында студенттер өз бетімен ізденіп, кітаптар мен газет-журналдарды ақтарып, әр дерекке мән беріп, ақпаратты сүзгіден өткізіп барып ой түйетін. Бұл – үлкен еңбек пен табандылықты талап ететін үдеріс еді. Ал бүгінде кейбір жастар жасанды интеллектке «не айтсам екен?» деп сұрақ қойып, дайын жауапқа сүйенуге бейім. Мұндай үрдіс бар екенін жоққа шығаруға тағы болмайды.
Дегенмен менің бұл тұрғыдағы ұстанымым анық, жасанды интеллект – тек бағыт-бағдар беретін құрал. Ол идея ұсынуы мүмкін, ойдың құрылымын көрсетуі мүмкін, алайда мазмұнды тереңдетіп, толыққанды уәж қалыптастыра алмайды. Ал пікірсайыста жай ғана идея айту жеткіліксіз. Әрбір ой нақты дәлелмен, өмірлік мысалмен, логикалық байланыспен бекітілуі тиіс.
Сондықтан пікірсайыс алаңында жасанды интеллект ешқашан жеңіс әкелмейді. Жеңісті әкелетін – адамның өз ойы, танымы, білімі мен жауапкершілігі. Пікірсайыс – технологияға емес, тұлғаның интеллектуалдық әлеуетіне сүйенетін алаң. Осы тұрғыдан алғанда, жасанды интеллект пікірсайыста көмекші құрал бола алғанымен, шешуші фактор бола алмайды.
Технологиялық алпауыттарға оның қабілетін шектеу туралы талаптар қойылып келеді. Бұл технологияға шектеу керек пе?
Меніңше, жасанды интеллектіні шектеу керек деген көзқарас қате. Кез келген жаңа технология алғаш пайда болған сәттен бастап қарсылыққа ұшырайтыны – тарихта талай рет дәлелденген құбылыс. Бұған дейін де солай болды. Компьютердің даму жолын еске түсірсек, алғашында оның да қоғамда үрей мен күмән тудырғаны белгілі. Адамдарды жұмыссыз қалдырады, ойлауды әлсіретеді деген секілді сан түрлі болжам айтылды. Ал бүгінгі күні сол технологиясыз бірде-бір сала толыққанды жұмыс істей алмайтынын мойындауға мәжбүрміз.
Қазір компьютер тек кеңсе мен өндірісте ғана емес, ауыл шаруашылығына дейін еніп үлгерді. Мал шаруашылығында да цифрлық технологиялар қолданылады дегенге ешкім таңғалмайтын кезеңге жеттік. Демек, қаласақ та, қаламасақ та, жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бұл – тоқтатуға болатын емес, табиғи эволюциялық үдеріс.
Алайда бұл технология адамды толықтай алмастырады деу – асыра сілтеу. Жасанды интеллект қаншалықты дамыса да, адамның таңдау жасау қабілетін, еркін ойлауын, моральдық жауапкершілігін жеңе алмайды. Ол есептей алады, сараптай алады, бірақ шешімнің салмағын сезіне алмайды. Мен үшін де басты сенім осы: технология қанша алға озса да, адам ретінде менің таңдауым мен мүмкіндігімді басып оза алмайды.
Сондықтан жасанды интеллектіні қауіп ретінде емес, құрал ретінде қабылдау маңызды. Ал оны қалай пайдалану – адамның парасаты мен санасына байланысты.
– Жас пікірсайысшы үшін ең маңызды қабілеттер қандай деп ойлайсың?
– Ең алдымен пікірсайысшының бойында базалық, энциклопедиялық білім қоры болуы тиіс. Мәселен, мен мамандығым бойынша экономистпін. Алайда пікірсайыс алаңында маған медицина, ауыл шаруашылығы, тарих немесе қоғамтану салаларына қатысты сұрақтар қойылуы әбден мүмкін. Осындай сәттерде тек өз мамандығыңмен шектеліп қалмай, жалпы білімдік олқылықтарды толтыра білу маңызды. Бір ғана тақырыпта мықты болу жеңіске жеткізбейді, пікірсайыс – жан-жақты ойлай алатын тұлғаны талап етеді.
Екіншіден, өз-өзіңе деген сенім аса маңызды. Бұл – классикалық, бірақ мәңгі өзектілігін жоғалтпайтын қағида. Кейде білімі терең, дайындық деңгейі жоғары бола тұра, пікірсайыс кезінде мүдіріп қалатын пікірсайысшылар кездеседі. Олар ойын толық жеткізе алмай, сөзінде салмақ пен тереңдік жетіспей жатады. Мұндай жағдайда аудиторияның өзі де сенімсіздік танытады. Ал керісінше, базалық білімі шектеулі болса да, ойын анық, түсінікті әрі нанымды жеткізе алатын сөз шеберлері бар. Демек, білім мен оны ұсыну тәсілі қатар жүруі тиіс.
Үшіншіден, пікірсайысшы үшін үздіксіз дайындық ауадай қажет. Тек өз еліндегі емес, әлемдік геосаяси жағдайлардан да хабардар болып отырғаны жөн. Соңғы жаңалықтарды қадағалау, қоғамдық үдерістерге ой жүгірту – пікірсайыс мәдениетінің ажырамас бөлігі. Мен пікірсайысты спортпен салыстырар едім. Қалай боксшы күн сайын жүгіріп, тынысын қалыптастырып, жұдырықтасу техникасын ұмытпау үшін жаттығу жасаса, пікірсайысшы да ақпарат ағынынан қол үзбей, ойлау бұлшықеттерін үнемі шыңдап отыруы тиіс.
Сонымен қатар бұрынғы пікірсайыстардағы тақырыптарға қайта оралып, өз сөзіңді талдап, қай жерде қателескеніңді, қай тұста мықты болғаныңды саралау да маңызды. Бұл – өз-өзіңмен жұмыс істеудің ең тиімді жолы. Пікірсайыста да спорттағы секілді бір талап бар: үнемі формада болуың керек. Сонда ғана сен әр пікірсайысқа дайын, әр тақырыпқа лайықты жауап бере алатын деңгейге көтеріле аласың.
– Республика партиясының белсенді мүшесі екенің белгілі. Осы ретте, сайлау үдерістеріне жастардың қатысуы неліктен маңызды? Бұл бағытта өздерің қандай жұмыс атқарып жүрсіңдер?
– Биыл маусым айынан бастап партияның жастар филиалдары белсенді түрде құрыла бастады. Түрлі қалаларда жастар қанаты жасақталып, сол жұмыстарды үйлестіру жөнінде маған да ұсыныс түсті. Қазіргі таңда жастар арасында 80-нен астам белсенді мүшеміз бар.
Біз осы жастардың жұмысын тікелей үйлестіріп, түрлі қоғамдық-саяси шараларға қатысып келеміз. Студенттер арасында сайлау науқанына қатысты ақпараттық кездесулер өткізіп, түсіндіру лекцияларын оқимыз. Биыл Орталық сайлау комиссиясымен «Жас сайлаушылар» клубы құрылды. Алдымызда Парламент сайлауы, саяси реформалар секілді маңызды кезеңдер тұр. Осыған байланысты әр облыста облыстық, ал қалаларда қалалық бөлімшелер ашылды.
Қазіргі таңда «Жас сайлаушылар» клубының құрамында 200-ге жуық адам белсенді жұмыс істеп келеді. Біздің негізгі міндетіміз – сайлау үдерістеріне қатысты үгіт-насихат жүргізу ғана емес, ең алдымен жастардың саяси сауаттылығын арттыру. Өкінішке қарай, бүгінде жастардың бір бөлігі сайлау процесі туралы толық хабардар емес. Көпшілігі тіпті қарапайым дауыс беру тәртібін де білмей жатады. Біз осы олқылықтың орнын толтыруға тырысамыз: түсіндіреміз, бағыт-бағдар береміз, сұрақтарға жауап ұсынамыз.
Қазір қала мен аудан әкімдерінің де жергілікті халық тарапынан сайлануы – қоғамдағы маңызды өзгерістердің бірі. Осындай үдерістердің барлығында ашықтықтың сақталуын, заңдылық пен тәртіптің орындалуын қадағалау – біздің азаматтық ұстанымымыз. Өз тәжірибеме тоқталсам, соңғы екі Президент сайлауында ерікті ретінде жұмыс істедім. Сонымен қатар атом электр станциясы, уақыт белдеуін өзгерту, Президент өкілеттігінің мерзіміне қатысты референдумдарға қатыстым.
Алда атқарылар жұмыс аз емес. Қоғамдық жауапкершілік, саяси белсенділік пен азаматтық ұстаным талап етілетін кезеңдер әлі де көп. Біз соған дайынбыз және осы бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізуді жалғастыра береміз.
– Болашаққа көз жүгіртсек, өзіңді қандай қырынан көргің келеді? Арман мен мақсат қай арнада тоғысады?
– Бала күнімде футболшы болуды армандадым. Ол – талай баланың қиялын тербеген, жасқа тән таза арман еді. Алайда уақыт өте келе адаммен бірге оның өмірге деген көзқарасы да өзгереді екен. Жылдар өте есейіп, дүниеге байыппен қарай бастайсың. Арманның өзі де пішін ауыстырып, тереңдей түседі.
Бүгінде саясатқа деген қызығушылығым айқын. Қоғамдық үдерістерді түсініп, ел болашағына қатысты шешімдердің қалай қабылданатынын білгім келеді. Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет саласында еңбек етсем деген ниетім бар. Дегенмен дәл қазір қай бағытта, қай саланың жетекшілігінде өзімді көремін деп нақты айта алмаймын.
Бір анығы – менің жұмыс істейтін, ойымды, күш-жігерімді жұмсайтын алаңым бар екенін сеземін. Қай жолға түссем де, қоғамға пайда тигізетін, жауапкершілігі жоғары қызметте болуға ұмтыламын. Уақыт өте келе бұл бағыттың өзі де айқындала түсетініне сенемін.
– Сұхбатыңа рахмет!




