«Іскер аймақ»: ауыл шағын бизнесін жандандыруға бағытталған жаңа серпін
Бүгін Үкімет отырысында ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардағы кәсіпкерлікті қолдауға арналған, мемлекеттік қаржыландырумен бекітілген келешегі зор «Іскер аймақ» бағдарламасы таныстырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Премьер-Министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин отырыс барысында бағдарламаның технологиялық тұрғыдан қарапайым, қысқа мерзімде жүзеге асырылатын әрі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жедел нәтиже беретін жобаларды қолдауға бағытталатынын атап өтті.
Бағдарлама басымдықтарында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу, азық-түлік өнімдерін өндіру, ағаш өңдеу, жиһаз цехтарын ашу, құрылыс материалдарын шығару, қолөнер және жергілікті қосылған құн тізбегін қалыптастыратын өзге де бағыттар бар.
Бағдарлама негізгі тәсілі – кәсіпкерлікті дамытудағы ортақ жауапкершілікті өңірлердің өзіне жүктеу. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдар өңірдің әлеуеті мен нақты қажеттіліктерін ескере отырып, басым салалардың қосымша тізбесін қалыптастырады.
Қаржыландыру екі деңгейлі жүйе арқылы жүзеге асырылатын болады.
Министрдің айтуынша, екі деңгей бойынша да қаржыландырудың қолжетімділігі субсидиялау мен кепілдендіру тетіктерінің үйлесімі арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл ретте «Даму» қоры несие мерзімінің бүкіл кезеңіне негізгі қарыз сомасының 80 пайызына дейін кепілдік беру мүмкіндігін ұсынады.
Бағдарлама үш негізгі бағытты қамтиды: қаржылық шаралар (субсидиялау және кепілдік беру), қаржылық емес қолдау (оқыту мен консультациялар), сондай-ақ инфрақұрылымдық мүмкіндіктер (өндірістік және коммерциялық үй-жайларға, жер телімдеріне, инженерлік коммуникацияларға қолжетімділік).
Бүгінде «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламалары аясында іске асырылып жатқан жобалар жаңа бастама шеңберінде қосымша қолдауға ие болады.
Бағдарлама бойынша жыл сайынғы жалпы несиелеу көлемі шамамен 400 млрд теңгені құрайды.
Келер жылы осы мақсатқа 24 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Үкімет есепбінше, бұл қаржы 5 мыңнан астам жобаны қолдауға мүмкіндік береді.
Бір жобаға берілетін несиенің ең жоғары мөлшері – 200 млн теңге, несиелеу мерзімі 3 жылға дейін белгіленген.
2026–2028 жылдар аралығында бағдарлама аясында шамамен 23 мың жоба жүзеге асырылып, 1,2 трлн теңге көлемінде несиелеу қамтамасыз етіледі. Бұл ретте бюджеттен 127 млрд теңгеге қолдау көрсетіледі.
Жобалардың экономикалық әсері де ауқымды болмақ: қосымша салық түсімдері 157 млрд теңгеге, өндірілген өнім көлемі 1,4 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар. Сонымен қатар 7 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, қолданыстағы 136 мыңнан астам жұмыс орны сақталады.
Кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау мақсатында өтінімдер «бір терезе» қағидаты бойынша egov.business және Damu Online порталдары арқылы қабылданады.
Интернет шектеулі шалғай ауылдар үшін арнайы жабдықталған мобильді кеңселердің көмегімен көшпелі консультациялар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
«Іскер аймақ» бағдарламасының қатысушылары өңдеу өнеркәсібіндегі жабдықтарды жаңғыртуға арналған жаңа лизингтік бағдарламаға да қатыса алады. Лимит 300 млн теңгеге дейін, мерзімі 5 жылға дейін, қосымша кепілсіз ұсынылады. Аталған бағдарламаны қаржыландыру үшін 300 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік инвестициялық жоба әзірленіп жатыр.
Серік Жұманғарин сәуір айынан бастап орта бизнеске арналған «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылғанын да еске салды. Бұл бағдарлама аясында қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі 12,6 пайыздан аспайды, инвестицияға берілетін ең жоғары сома 7 млрд теңгеге дейін. Қазіргі таңда 1800-ден астам жоба қолдау тауып, олардың жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 505 млрд теңгені құрап отыр.
Сондай-ақ «Даму» Қоры базасында екі кепілдік қоры құрылды: бірі – шағын және орта бизнеске арналған (7 млрд теңгеге дейінгі жобалар), екіншісі – ірі инвестициялық жобаларға арналған (7 млрд теңгеден жоғары). Бұл шешім кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлер үшін қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Марат Усманов