«Ауыл аманаты»: ШҚО-да 25 жаңа ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды
Шығыс Қазақстанда 2023 жылдан бастап жүзеге асып келе жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Бағдарлама аясында ауылдар мен шағын қалалардың дамуына бағытталған жобалар қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны артуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік белсенділігін дамытуға, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, жұмыс орындарын ашуға және ауылдағы өмір сапасын жақсартуға бағытталған бағдарлама аясында облыстың ауылдық округтері мен шағын қалаларында әлеуметтік-экономикалық дамудың жеке жоспарларын әзірлеу үшін скрининг жүргізілді.
Былтыр облыста жалпы сомасы 2,5 млрд теңгеге 187 жоба қаржыландырылды. Оның ішінде туризм, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, техника мен жабдық сатып алу, өсімдік және құс шаруашылығы сияқты бағыттар қамтылды.
Бағдарламаның нәтижесінде 352 жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар 63 ауыл шаруашылығы кооперативі несие алып, өз қызметін кеңейтуде.
Бүгінде өңірде 234 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі мал және аралас ауыл шаруашылығына бағытталған. Жалпы жұмыспен қамтылғандар саны – 400-ден астам адам.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес облыста қосымша 25 жаңа кооператив құрылып, қаржыландыруға ұсынылды.
2025 жылға республикалық бюджеттен 3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат аясында 305 жаңа жоба жүзеге асып, жұмыс орындары ашылады.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов атап өткендей, биыл барлық ауыл әкімдері «Әкімдер мектебі» жобасы аясында оқудан өтті.




