KZ
Өскемен
-1°
небольшой снег жел 5 м/с, ОШ
512.81 604.19 6.57

Жыл басынан бері тұтынушыларға 37 млн теңгеден астам қаражат кері қайтарылды – ШҚО 

22.12.2025, 16:00 110 Ержан Әбіш

Жыл басынан бері ШҚО-да тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында 1149 шағым тіркеліп, нәтижесінде азаматтарға 37 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Сауда және интеграция министрлігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті министрліктің аумақтық бөлімшесі ретінде өз құзыреті шегінде облыс аумағында тұтынушылардың құқықтарын қорғау және ішкі сауда саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, реттеу және бақылау функцияларын жүзеге асырады.

Департаменттің негізгі мақсаттары – тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында біртұтас әрі тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыру, сондай-ақ ішкі сауданы дамыту және реттеу бағытындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

Департамент қызметінің басты бағыттарының бірі – тұтынушылардың құқықтарын қорғау. 2025 жылдың басынан бері кері байланыстың әртүрлі арналары арқылы халықтан барлығы 1149 өтініш келіп түскен. Оның ішінде «Е-өтініш» электрондық порталы арқылы – 679 өтініш (59,1%); жедел желі арқылы – 185 өтініш (16,1%); департамент басшысының азаматтарды жеке қабылдауы барысында – 29 өтініш (2,5%); мамандардың қабылдауы арқылы – 173 өтініш (15,1%); Telegram-бот арқылы – 83 өтініш (7,2%).

Келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесінде облыста тұтынушылардың құқықтары көбіне бөлшек сауда саласында бұзылатыны анықталды. Тұрғындарды негізінен сапасыз тауарларды сатып алу, тауарды айырбастау немесе қайтару, тұрмыстық қызметтердің сапасыз көрсетілуі, жиһаз дайындау мен жөндеу, әрлеу жұмыстары бойынша туындайтын мәселелер мазалайды.

Сонымен қатар электрондық сауда саласына қатысты шағымдар санының артқаны байқалады. Бұл бағытта тауардың мәлімделген сипаттамаларына сәйкес келмеуі және жеткізу мерзімдерінің бұзылуы бойынша өтініштер жиі тіркелген.

2025 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау нәтижесінде азаматтарға қайтарылған ақшалай қаражаттың жалпы сомасы 37 млн теңгеден асты. Департамент тарапынан жыл басынан бері 37 тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде 841 448 теңге сомасына 18 әкімшілік айыппұл салынды. Сонымен қатар тұтынушылардың құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған 22 нұсқама мен 2 ескерту шығарылды.

Бұдан бөлек, 2025 жылдың басынан бері департамент азаматтардың тұтынушылық құқықтарын қорғау туралы талап-арыздары бойынша 12 сот процесіне қатысты.

Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы балалар дүкендерінің бірінде тауар бағаларының рубльмен көрсетілгені анықталды. Бұл туралы департаментке бірнеше өтініш келіп түскен. Аталған өтініштер негізінде кәсіпкерлік субъектісіне қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, кейбір тауарларда шетел валютасымен көрсетілген бағалар бар екені расталды. Дүкен басшылығы бұл жағдайды заңнаманы білмеу және кадр тапшылығымен түсіндірген. Алайда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 193-бабының 4-бөлігіне сәйкес Қазақстан аумағында тауар бағасының теңгеден басқа валютада көрсетілуі әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Тексеру нәтижесінде сауда қызметін реттеу туралы заңнаманы бұзу фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, кәсіпкерге 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар құқық бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді.

Тағы бір жағдайда тұтынушы авиабилетті төлеу барысында құқықтарының бұзылғаны жөнінде шағымданған. Туристік агенттік төлем картасымен есеп айырысқан кезде билет құнына қосымша 3% үстеме қосып, қолма-қол ақшамен төлеуге қарағанда қымбат баға белгілеген. Сондай-ақ агенттік тұтынушының шағымына белгіленген мерзімде жауап бермеген. Департамент жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде туристік агенттік әкімшілік жауапкершілікке тартылып, тұтынушыға артық есептелген қаражатты қайтару туралы ұйғарым берілді. Нәтижесінде тұтынушыға артық төленген ақша толық қайтарылды.

Өскемен қаласында тағы бір жеке кәсіпкер сөредегі баға мен кассадағы бағаның сәйкес келмеуі үшін жауапкершілікке тартылды. Тұтынушы этикеткада 16 000 теңге деп көрсетілген тауарды кассада 20 000 теңгеге сатып алған. Бұл дерек бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, жеке кәсіпкерге әкімшілік айыппұл салынды және бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама берілді.

2025 жылғы 15 желтоқсандағы жағдай бойынша осындай бұзушылықтар, сондай-ақ тауарларға баға белгілерінің болмауы фактілері бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 193-бабының 4-бөлігіне сәйкес 88 кәсіпкерге жалпы сомасы 1 443 044 теңге айыппұл салынған.

Департамент алдағы уақытта да тұтынушылардың құқықтарын қорғау, сауда саласындағы заңдылықты сақтау және азаматтардың мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыратынын атап өтті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу