Ату емес, бақылау: Өскеменде қаңғыбас иттерге қатысты ұстаным өзгермек
Өскемен тұрғындармен ашық диалог барысында аумақ басшысына қойылған өзекті сауалдардың бірі иесіз иттер мәселесіне қатысты болды. Өңір басшысы бұл түйткілдің маусымдық сипат алатынын жасырмай айтты. Оның сөзінше, жаз айларында үй жануарларын асырап алып, қыс түскенде оларды қараусыз қалдырып кету деректері жиі кездеседі. Бұл жағдай уақыт өте келе қоғамдық қауіпсіздік пен санитарлық ахуалға әсер ететін күрделі мәселеге айналып отыр. Әкімнің айтуынша, биыл аталған мәселені жүйелі түрде шешу үшін облыстық бюджеттен 90 миллион теңге бөлінген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ал келер жылы бұл бағыттағы қаржыландыру көлемі 100 миллион теңгеге дейін ұлғайтылмақ. Дегенмен, өңір басшысы мәселені тек радикалды жолмен шешуге болмайтынын атап өтті. Қаңғыбас иттерді атуға қатысты ветеринар мамандардың да бірыңғай келісімі жоқ екенін алға тартып, гуманистік тәсілге басымдық берілетінін жеткізді.
Осылайша, қаңғыбас иттер мәселесін шешу қаржы бөлумен ғана шектелмей, жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды да көздейтін кешенді бағытта жүзеге асырылмақ.



