Өскеменде келер жылы 5000 орындық жабық футбол стадионының құрылысы басталады
Бүгін Өскеменде өңір дамуының маңызды белестерін айқындаған есептік кездесу өтті. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қала тұрғындарының алдында сөз сөйлеп, мәдениет пен спорт саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды кеңінен баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Өскеменнің спорттық дәстүрі терең. Бұл қала талай чемпионды, ел намысын республикалық және халықаралық ареналарда қорғаған саңлақтарды тәрбиелеп шығарды. Сондықтан жастардың спортпен тұрақты айналысуы және қаланың ең жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізе алуы – басты басымдықтардың бірі. Осы мақсатта 2026–2028 жылдарға арналған ірі спорттық жобалардың ауқымды пулы қалыптастырылды.
Мәдени өмірді жаңа деңгейге көтеретін жобалардың қатарында көп функциялы концерт орталығы да бар. Құны 32 миллиард теңгені құрайтын бұл нысан концерттер мен форумдар, мәдени және іскерлік шаралар өтетін қаланың жаңа рухани орталығына айналмақ. Облыс басшылығы бұл жобалардың барлығын өңірдің өмір сүру сапасы мен болашағына салынған инвестиция ретінде қарастырып отыр.
Шығыс Қазақстан креативті экономиканы дамытуда да тың қадамдар жасап келеді. Облыстық филармония базасында креативті хаб ашылып, Өскеменде креативті индустрияны дамыту орталығы құрылды. Креатив-шығыс.kz платформасы мен Шығыскреативхаб кеңсесі өңірдегі жасампаз жандарды біріктіріп, шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер өтетін ашық алаңға айналды. 2025 жылы өңірде «Ғасырлық дәстүрлер» республикалық кілем тоқу өнері фестивалі, жүздеген креаторлар бас қосқан Шығыс креатив Хаб форумы, халықаралық арт-платформалар мен жасанды интеллектке арналған мәдени конференциялар өткізіліп, Шығыстың шығармашылық әлеуеті кеңінен танылды.
Ұлттық рух пен дәстүрдің айқын көрінісі – Бозанбай ауылындағы «Бүркіттөбе» этно-алаңында өткен бесінші мерейтойлық «Шығыс салбурыны» халықаралық фестивалі болды. Қазақстанмен қатар Моңғолия, Қырғызстан, Венгрия, Қытай және Испаниядан келген бүркітшілер қатысқан бұл дүбірлі шара өңірдің мәдени брендіне айналды. Ал жаңа жыл қарсаңында өткен дәстүрлі «Аяз ата, Ақшақар» фестивалі Шығыс Қазақстанның қысқы туристік әлеуетін танытқан жарқын мәдени оқиға ретінде есте қалды.
Осылайша, Өскеменде мәдениет пен спорт саласында жүзеге асырылып жатқан әрбір жоба – бүгінгі күннің ғана емес, болашақ ұрпақтың да игілігіне бағытталған нақты қадам. Қала кеңістігі жаңарып, рухани һәм физикалық дамуға жағдай жасалған сайын, Өскемен шын мәнінде өмір сүруге жайлы, үміт пен мүмкіндіктер тоғысқан мекенге айнала бермек.


