Қазақстанда спорттық инфрақұрылым дамып келеді
Елімізде спорттық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалар дамып келеді. Соңғы бес жылда Қазақстанда 371 нысан ашылса, жыл соңына дейін тағы 70 нысанның құрылысы аяқталмақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес спортты дамыту – әлеуметтік саясаттың стратегиялық бағыты болып саналады. 2025 жылдың басынан бері елдің 14 өңірінде 32 нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында ірі спорт кешендері, арнайы алаңдар және әртүрлі спорт түрлеріне арналған залдар бар. Бұл жобалар заманауи жаттығу мен жарыс базасын қалыптастырып қана қоймай, жастар мен бұқаралық спорт үшін жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Атап айтқанда, Ақмола облысындағы спорт кешені ерекше назарға ілікті. Ол Қазақстанда мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен толық қаржыландырылған алғашқы нысан болды. Бұл тәжірибе қоғамдық қажеттіліктерге ресурстарды пайдаланудың жаңа тәсілдерін көрсетуде.
Биылғы жобалардың ішінде – Ұлттық спорт университеті де бар. Білім ордасы спорт саласында үздіксіз білім беруді – колледжден докторантураға дейін қамтитын болады.
Қызылордада халықаралық стандарттарға сай, 11 мың орындық стадионның құрылысы аяқталуға жақын. Бұл нысан ірі турнирлерді қабылдауға дайын. Түркістанда есу арнасы салынуда. Жаңа спорт нысанын тек спортшылар ғана емес, белсенді демалысты қалаған өңір тұрғындары да асыға күтуде. Ал елордада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион салынып жатыр, оны 2026 жылы ашу жоспарланған.
Егер спорт нысандарының құрылысы осылай жалғаса берсе, өңірлерде бұқаралық спортқа арналған заманауи алаңдар ашылып, ірі орталықтар халықаралық деңгейдегі спортшыларды дайындайтын болады. Мұндай жүйелі жұмыс елімізде барлық өңір тұрғындары үшін спортпен айналысуға тең мүмкіндік береді. Өйткені спорттық инфрақұрылымды дамыту – бұл ұлт денсаулығына және елдің болашағына салынған инвестиция.
Дамир Омаров
Фото: ҚР Туризм және спорт министрлігі

