KZ
Өскемен
-6°
плотный туман жел 1 м/с, С
505.53 593.44 6.34

80 мың турист қатынайтын жол: «Көгілдір бұғаз» бағытындағы құрылыс қашан аяқталады

22.12.2025, 13:00 84 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысы әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Өскемен тұрғындарымен кездесу барысында Қазақстан-Американ еркін университетінің президенті Ережеп Мәмбетқазиев өңір тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі – «Көгілдір бұғазға» апаратын жол құрылысының қашан аяқталатыны жөнінде сауал қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Аталған сұраққа жауап берген өңір басшысы жол құрылысының кешеуілдеуіне Осинов асуындағы жол айналымына қатысты жобалық-сметалық құжаттамада анықталған қателіктер себеп болғанын атап өтті. Әсіресе, көпір құрылысына байланысты бірқатар техникалық олқылықтар тіркеліп, жобаны қайта қарау қажеттілігі туындаған.

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда анықталған кемшіліктер толықтай нақтыланып, тиісті түзету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл кезең – күрделі инженерлік есептеулер мен қауіпсіздік талаптарын қайта пысықтауды қажет ететін жауапты процесс. Өйткені жол инфрақұрылымы тек қозғалысты қамтамасыз етумен шектелмей, адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Өңір басшысы бұл жолдың стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Осинов асуы арқылы өтетін бағытпен жыл сайын шамамен 80 мыңға жуық адам қатынап, Бұқтырма жағалауындағы демалыс аймақтарына барады. Туристік маусымда көлік легінің күрт артуы жол сапасына қойылатын талапты одан әрі күшейтеді.

Осыған байланысты, әкімдік тарапынан келесі жылы Осинов асуы арқылы өтетін жол қатынасын толыққанды реттеу, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру және жүргізушілер үшін қолайлы жағдай жасау жоспарланып отыр. Жоба аяқталған соң, Көгілдір бұғазға апаратын жол өңірдің туристік әлеуетін арттырып, ішкі туризмнің дамуына серпін береді деп күтілуде.

Осылайша, жол құрылысының уақытша кідірісі техникалық кемшіліктерді жоюға және ұзақ мерзімге сапалы әрі қауіпсіз инфрақұрылым қалыптастыруға бағытталған шешім ретінде қарастырылып отыр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу