KZ
Өскемен
-9°
переменная облачность жел 2 м/с, В
509.94 593.88 6.43

ТЖМ арнайы чек-парақ әзірледі: жаңажылдық шыршаны орнатқанда нені ескеру керек?

22.12.2025, 15:30 149 Ержан Әбіш

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаңажылдық шыршаларды орнату, безендіру және мерекелік іс-шаралар өткізу кезінде сақталуға тиіс өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптары қамтылған арнайы чек-парақ әзірледі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аталған құжат мерекелік кезеңде өрт қаупінің алдын алуға, адам өмірі мен денсаулығын қорғауға, сондай-ақ материалдық шығындардың туындауына жол бермеуге бағытталған. Чек-парақ жеке және қоғамдық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға үндейтін #ӨзіңненБаста челленджі аясында дайындалды. Бастаманың басты мақсаты – әр азаматтың жеке жауапкершілігін арттыру арқылы қауіпсіз орта қалыптастыру.

Чек-парақта жаңажылдық шыршаларды орнату барысында жауапты тұлғаларды алдын ала тағайындау қажеттілігі атап көрсетілген. Сонымен қатар нысандарды алғашқы өрт сөндіру құралдарымен – өрт сөндіргіштермен, құм салынған жәшіктермен және басқа да құралдармен толық қамтамасыз ету талаптары енгізілген.

Құжатта шыршаларды берік әрі орнықты негізге орнату, олардың құлап кету қаупін болдырмау, сондай-ақ жанғыш материалдардан қауіпсіз қашықтықта орналастыру қажеттігі ерекше атап өтіледі. Жарықтандыру құралдарын орнату кезінде электр сымдарының жарамдылығы мен қауіпсіз қосылуына, сертификатталған гирляндаларды пайдалануға баса назар аударылады.

Сонымен қатар чек-парақта үй-жайларда, ғимараттардың ішінде және оларға жақын аумақтарда пиротехникалық бұйымдарды қолдануға қатаң тыйым салынатыны ескертілген. Бұл талап әсіресе балалар мен көпшілік жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды.
Эвакуациялық шығу жолдарының, баспалдақтардың және өрт сөндіру техникасының еркін өтуіне арналған кіреберістердің бөгелмеуі – негізгі талаптардың бірі. Сондай-ақ өртке қарсы сумен жабдықтау көздерінің, гидранттар мен дабыл жүйелерінің жарамды күйде болуы міндетті.

Төтенше жағдайлар министрлігі объектілердің иелері мен басшыларын, сауда орталықтары, мәдениет үйлері, білім беру ұйымдары мен бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушыларды жаңа жылдық шыршалардың қауіпсіз орнатылуын өз бетінше тексеруге шақырады. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша жедел шаралар қабылдау ұсынылады. Осы мақсатта өзіндік өрт қауіпсіздігін бақылауға арналған чек-парақ нысандарға пайдалануға беріліп отыр.

Мамандардың айтуынша, мерекелік іс-шаралар кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау қайғылы жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан ТЖМ азаматтарды тек мерекелік көңіл-күйге ғана емес, жеке және қоғамдық қауіпсіздікке де жауапкершілікпен қарауға үндейді.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау – жаңа жылдық іс-шаралардың тыныш әрі қауіпсіз өтуінің басты кепілі. Әрбір тұрғын, әрбір мекеме басшысы мен ұйымдастырушы қарапайым ережелерді сақтау арқылы өзіне де, өзгеге де қауіп төндірмейді.

Төтенше жағдайлар министрлігі барлық қазақстандықтарды қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға белсенді атсалысуға шақырады. Қауіпсіз мереке әрқайсымыздың саналы әрекетімізден басталады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу