KZ
Өскемен
-2°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, Ю
512.81 604.19 6.57

«Туған жер – алтын бесігім!» облыстық жобасының 2025 жылғы жеңімпаздары анықталды

19.12.2025, 20:30 437 Базарова Айгүл

Қыркүйек айынан бері облыс орталығын мәдени думанға бөлеп, апта сайын Өскемен жұртшылығы мен қала қонақтарына ән мен күйден шашу шашқан «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы өз мәресіне жетті. Аймақтың әр түкпірінен келген өнерпаздардың басын қосқан ауқымды жоба қорытынды гала-концертпен түйінделді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскемендегі «Ертіс концерт» залында өткен бұл кеш Шығыс өнерінің шынайы мерекесіне айналды. Сахнада ән әуелеп, күй төгілді, көрермен көңілі шарықтады. Әр ауданның өзіндік бояуы, рухы мен болмысы бар өнер бағдарламалары талғамы биік көрермен қауымды тағы бір мәрте тәнті етті. Қол соғу, қошемет, ыстық ықылас – осының бәрі өнерге деген елдің шексіз құрметін айғақтай түсті.

Гала-концерт барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сахна төріне шығып, жобаға қатысқан өнер ұжымдарына алғысын білдіріп, үздік шыққан аудандарды марапаттады.

Жүлделі үшінші орын бөлек отау болып құрылғанына бір жылдан енді ғана асқан Марқакөл ауданына бұйырды. Жас ауданға арнайы диплом мен 5 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Екінші орын мен 7 миллион теңгені Ұлан ауданы иеленді. Бірінші орынды қанжығасына байлаған Тарбағатай ауданының шығармашылық ұжымына арнайы диплом және 10 миллион теңгенің сертификаты берілді.

Ал өнер додасында оза шауып, жүзден жүйрік шыққан Күршім ауданы бас жүлдені жеңіп алды. Өнерпаздарға бас бәйгенің арнайы дипломы мен 15 миллион теңге табыс етілді. Сонымен қатар, барлық аудандар түрлі номинациялар бойынша дипломдармен марапатталып, 3 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.

Аймақ басшысы бұл жобаның тек өнер сайысы ғана емес, елдің рухын көтеретін, ауыл мен қала арасын жақындататын үлкен мәдени алаңға айналғанын атап өтті.

«Бүгін Шығысымыздың төрінде сән-салтанаты жарасқан керемет кеш өтті. “Туған жер – алтын бесігім!” жобасы биыл өз мәресіне жетіп отыр. Соңғы үш айда әр аптаның жұма күні кешкісін өнерсүйер қауым осы концерт залына асыға келетін. Өнерпаздарымыздың өнеріне сүйсіндік, тәнті болдық. Шөліркеп қалған көңіліміз сусындап, ерекше бір күй кештік. Бүгін соның бәрін гала-концертпен түйіндеп отырмыз. Бір сағаттың қалай өткенін де байқамай қалдық. Бұл – ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет!» – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Әкім өз сөзінде жоба аясында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің де маңызын ерекше атап өтті. Әр сенбі сайын облыс орталығында өткен жәрмеңкелерге аудандардан келген диқандар мен шаруалар жыл он екі ай бейнетпен өндірген өнімдерін қала тұрғындарына қолжетімді бағамен ұсынып, үлкен қолдау көрсеткенін айтты.

«Әр аптаның сенбі күндері жәрмеңке ұйымдастырылды. Оны өткізген – жыл он екі ай малдың соңында жүрген, ерте көктемнен егін жинағанға дейін демалыс дегенді білмей еңбек ететін ауыл шаруашылығы қызметкерлері. Олар өздерінің сапалы өнімдерін облыс орталығының тұрғындарына төмен бағамен ұсынып, елге үлкен қолдау көрсетті. Сол еңбектері үшін басымызды иіп, шын жүректен алғыс айтамын», – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Нұрымбет Сақтағанов соңғы жылдары жобаның арқасында аудандардағы өнердің деңгейі айтарлықтай көтерілгенін атап өтті. Ұлттық аспаптар оркестрлері, шығармашылық ұжымдар Өскеменде ғана емес, ауыл-аймақтарда да өнер көрсетіп, жас ұрпақты өнерге баулып жатқанын тілге тиек етті.

«Біз балаларымызды телефон мен әлеуметтік желінің соңынан ертіп қоймай, өнер арқылы тәрбиелеуіміз керек. Бұл жоба – соның нақты дәлелі. Мұнда барлығы жеңімпаз. Біреу бірінші, біреу екінші орын алуы мүмкін, бірақ бұл жобада жеңілген ешкім жоқ. Қазақ баласы көршісі озып жатса, соған да қуана білетін халық. Сондықтан бүгін сахнаға шыққан барлық өнерпаздар жеңіске лайық», – деді аймақ басшысы.

Гала концертте Бас жүлде иегері Күршім ауданының «Қансонар» музыкалық-театралдық композициясы, Марқакөл ауданының «Ақтолқын» хореографиялық ансамблі орындауындағы «Қара жорға» биі, Тарбағатай ауданынан келген «Ақжар халықтық ұлт аспаптар оркестрі» орындаған қырғыздың күйі «Машботой» және «Барабан шоуы», сондай-ақ Үлкен Нарыннан келген Әли Әліпқалиевтің попурриі көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Гала-концерттен кейін өз әсерімен бөліскен қатысушылар да жобаның маңызын ерекше атап өтті. Күршім аудандық мәдениет үйінің режиссері Айым Төлеуғазина бірнеше айлық еңбектің ақталғанына қуанышын жеткізді.

«Бүгінгі жетістігіміз – айлар бойғы, тіпті жылдар бойғы еңбектің нәтижесі. Біз “Қансонар” музыкалық-театралдық композициясын алып келдік. Бұл Абай атамыздың өлеңі негізінде жасалған, бұрын-соңды болмаған тұңғыш жұмыс. Хореографтарымыздың, режиссерлеріміздің, көркемөнерпаздарымыздың еңбегі зор. Осындай жобада өнер көрсету біз үшін үлкен мәртебе», – деді ол.

Ал жүлделі орыннан көрінген Марқакөл ауданының өкілі Ерболат Матабаев жас аудан үшін бұл жетістік айрықша маңызға ие екенін айтты.

«Аудан болып құрылғанымызға бір жыл ғана болды. Осындай үлкен жобада жүлде алу – біз үшін зор жетістік. Бұл тек өнер ұжымдарының ғана емес, тұтас ауданның жеңісі. Бізге қолдау көрсеткен аудан басшылығына, ұстаздар мен өнер мектептерінің ұжымына алғыс айтамын. Алда әлі талай биікке жетеміз деп сенемін», – деді ол.

Осылайша, «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы өнер мен бірліктің, ауыл мен қаланың, дәстүр мен заманауи мәдениеттің алтын көпіріне айналды. Аймақ басшысы атап өткендей, көпшіліктің көзайымына айналған бұл жоба келер жылы да өз жалғасын таппақ. Шығыстың сахнасында тағы да ән әуелеп, күй төгілері сөзсіз.



Айна Ескенқызы

Фото: Артем Жигулин 

Видео: Жалғас Сакадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу