KZ
Өскемен
-25°
облачно с прояснениями жел 1 м/с, СШ
510.95 594.49 6.5

Өскеменде мерекелік шырша шамы жағылды

20.12.2025, 19:30 201 Базарова Айгүл

Жаңа жыл қарсаңында облыс орталығы — Өскемен қаласының қақ төріндегі Республика алаңында басты мерекелік шыршаның шамы жағылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мерекелік кеш жарқын да әсерлі Аяз Ата мен Ақшақардың шеруімен басталды. Қаланың тұрғындары мен қонақтары бас кейіпкерлерді ерекше ықыласпен қарсы алып, жүрек толқытар сәттерге куә болды. Ертегі әлемінен келгендей әсер қалдырған кейіпкерлер алаңға шынайы қысқы ғажайыптың лебін сыйлады.

Облыстың бас шыршасының шамын жағу құрметі қаладағы белсенді он бала мен Өскемен қаласының әкіміне бұйырды. Көпшіліктің шат-шадыман қошеметі мен қуанышты дауыстарының арасында шырша шамдары бір сәтте жарқ етіп жанып, Республика алаңын мерекелік нұрға бөледі.

Шырша шамы жағылғаннан кейін Аяз Ата мен Ақшақар қала тұрғындарымен бірге көңілді би билеп, жиналғандарды үлкен қуаныш шеңберіне біріктірді.

— Жыл өткен сайын қаланың басты шыршасының безендірілуі ерекше әрі көрікті бола түсуде. Биылғы шырша тіптен әдемі. Концерт өте ұнады, бәрі тамаша, балалардың қуанышын сөзбен жеткізу қиын. Бұл — шынымен де керемет шара, — деп өз әсерімен бөлісті қала тұрғыны Сара Әкемиева.

Бұл кеште Республика алаңы қуанышқа, әуенге және жарқыраған шамдарға толды. Көпшілік үшін шырша шамының жағылуы жаңа жылдық ғажайыптардың басталғанының белгісіндей болды. Ол — ең жылы да сиқырлы мерекенің жақындап қалғанын еске салған жарқын сәтке айналды.


Наргиз Еркінбекова

Фото: Махаббат Ахметжанова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу