Көзімді жұмсам да көрем сені…
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық Драма және оперетта театрының сахнасында көрермендер ерекше бір тылсым тынысқа, терең тебіреніске толы кештің куәсі болды. «Көзімді жұмсам да көрем сені…» атты лирикалық драма көрермен алдына жол тартып, спектакль көруге, адам жанының ең нәзік иірімдерін бірге сезінуге дайын қауым жиналды. Қойылымды тамашалауға мәдениет және өнер саласының көрнекті өкілдері, зиялы қауым мен құрметті азаматтар келіп, сахнадан төгілген сыр мен сағынышқа бірге үңілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл қойылым – журналист, публицист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Әлібек Қалиұлының Қаңтарбаев «Көзімді жұмсам да көрем сені…» кітабының негізінде сахналанған туынды. Ойы кемел, сөзі салмақты қаламгер ретінде Әлібек Қалиұлы қоғамның өзекті мәселелерін тайсалмай көтеріп, тіл мен ұлттық салт-дәстүрдің тағдырын арқау еткен публицистикалық мақалаларымен қалың жұрттың көкейін дөп баса білді. Оның қаламынан туған әрбір жол – тек пікір емес, қоғамдық санаға әсер еткен азаматтық үн.
«Ағажай, Алтайдай жер қайда», «Қыран ғұмыр», «Сол бір кез есімде», «Армандастар», «Алаш азаматы», «Өзегім от пен жалын, өртті демім», «Жұлдыздар сөнбейді», «Тұлға», «Қасқыр тірлік», «Дөңгеленген дүние» сияқты кітаптарында автор туған жердің болмысын, адам тағдырын, уақыт пен қоғам арасындағы күрделі байланыстарды кең тыныспен бейнелеп, адамның ішкі әлеміне үңілуді таңдаған. Оның публицистикалық очерктерінде Шығыс Қазақстанның өнер мен еңбек майданында маңдай терін төккен тұлғалары тірі бейнеде сөйлесе, «Көзімді жұмсам да көрем сені...» деректі реквиемінде жеке тағдырдың әмбебап сипатқа ие қасіреті мен үміті көрініс табады.
Бұл шығарма – өмірден озған жан жары Гүлжан Әділқазықызының аруағына бағышталған жүрек сөзі. Автор адам баласын Адам етіп ұстап тұрған ұлы ұғымдарды – махаббатты, тұрақтылықты, қызғанышты, ғашықтықты, кісілік пен кішілікті, адамгершілікті – қасиет тұтуға, олардың қадірін тереңнен сезінуге үндейді.
Сахнада бір адамның ғана емес, баршаға ортақ сағыныштың, жоғалтудың, үнсіз мұңның бейнесі сомдалды. Өмірден өткен сүйіктісін жүрегінде мәңгі сақтаған жанның ішкі арпалысы, уақытпен бетпе-бет қалған жады мен сезімнің айқасы көрермен жанын бейжай қалдырмайды.
Қойылымның сахналық жобасын дайындаған Бақыт Жәлиева шығарманың нәзік табиғатын дәл танып, деректі драманың лирикалық өзегін жоғалтпай жеткізе алған. Қоюшы режиссер Абай Дәулетұлы сахналық шешімдер арқылы адам жанының көзге көрінбес қақтығыстарын айқын көрсете білді. Қоюшы суретші Евгения Макаревич жасаған кеңістік – естелік пен бүгіннің, өткен мен үміттің арасындағы өткелдей әсер қалдырады. Музыкалық көркемдеуді Нұржан Қайнолда жүзеге асырып, әрбір әуенді жүрек лүпіліне айналдырса, балетмейстер Ажар Амангелдінова қимыл арқылы айтылмайтын сезімдерді сөйлетті. Хормейстер Ксения Коновалова, жарықпен көркемдеуші Серік Насимолдинов, режиссердің көмекшісі Зикамал Қайсанова біртұтас ансамбль құрып, қойылымның көркемдік қуатын арттыра түсті.
Сахнадан естілген махаббат пен сағыныштың мөлдір үні көрерменді бір ғана тағдырдың шеңберінде қалдырмай, шынайы сезімнің әмбебап табиғатына жетелейді. Жоғалтудың ауыр салмағы, жанды тілімдеген сағыныш, уақыттың жазылмас ізі – бәрі де нәзік психологиямен өрілген сахналық шешімдер арқылы ашылады.
Көрермендердің ықыласы адам жанының тереңіне үңіле алған шығармашылық ұжымға, жүрекпен жазылған туындыға берілген әділ баға болды. «Көзімді жұмсам да көрем сені…» – көрерменді театрдан шыққан соң да ұзақ уақыт бойы ойдан кетпейтін, жүрек түкпірінде сақталып қалатын сахналық тағдырға айналмақ.
Айдос Мырзахметов
Видео: Руслан Акматалиев
Фото: Артем Жигулин















