KZ
Өскемен
-7°
переменная облачность Штиль
511 602.72 6.49

Бүгін Шығыс Қазақстанда дәстүрлі «Аяз Ата – Ақшақар 2025» фестивалі басталады

19.12.2025, 09:45 102 Базарова Айгүл

Риддер қаласында бүгін көпшілік асыға күтетін жаңа жылдық маусымның ең жарқын әрі ауқымды оқиғаларының бірі – республикалық «Аяз Ата – Ақшақар 2025» фестивалінің салтанатты ашылуы өтеді. Бұл туралы Altainews.kz тілшісі хабарлайды.

Сағат 15:00-де Риддер қаласындағы Республика алаңында мерекелік бағдарлама басталып, қала тұрғындары мен қонақтарына шынайы жаңа жылдық атмосфера мен көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Мерекенің шарықтау шегі – Аяз Ата мен Ақшақардың әсерлі әрі салтанатты келуі болмақ.

Ауқымды фестивальге облыстың барлық қалалары мен аудандарынан, сондай-ақ өзге өңірлерден шамамен 250-ге жуық қатысушы жиналады.

Фестиваль аясында үздік Аяз Ата мен Ақшақарды анықтауға арналған республикалық байқау ұйымдастырылады. Қатысушылар өз образдарын таныстырып, әртістік шеберлігін, шығармашылық қиялын және мерекелік көңіл күй қалыптастыру қабілетін паш етеді. Жеңімпаздар костюмдердің ерекшелігі, сахналық қойылымдар мен көркемдік шешімдер негізінде анықталатын болады.

Мерекелік шара облыстың белгілі әртістері мен шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасымен жалғасады. Фестивальдің сәні мен салтанатты сәті – өңірдің басты жаңа жылдық шыршасының шамын жағу рәсімі болмақ. Бұл рәсім Шығыс Қазақстандағы жаңа жылдық мерекелер легінің ресми басталуын білдіреді.

Фестиваль 20 желтоқсан күні өз жалғасын табады. Негізгі іс-шаралар «Алтай Альпісі» туристік кешенінде өтеді. Мұнда қатысушылар мен қонақтарды қысқы ойын-сауық бағдарламалары, тау шаңғысы трассаларында сырғанау, сондай-ақ отбасыға арналған демалыс алаңдары күтеді.

Сол күні Өскемен қаласында Аяз Ата резиденциясының салтанатты ашылуы өтеді. Онда балалар мен ересектерге арналған мерекелік кездесулер, интерактивті бағдарламалар мен естелік фотосессиялар ұйымдастырылады.

Күннің екінші жартысында қала көшелерімен Аяз Ата мен Ақшақардың шеруі өтеді. Парад мерекелік флешмобпен және орталық алаңдағы басты шыршаның шамын жағу рәсімімен түйінделеді.

Фестиваль күнін қорытындылайтын мәдени шара ретінде облыстық драма және оперетта театрына сапар жоспарланған. Мұнда көрермендерге «Көзімді жұмсам да көрем сені» атты музыкалық қойылым ұсынылады.


Наргиз Еркінбекова

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу