Жылжабар-2025: Жылан жылы жылыстап, қырдан асып барады...
«Жыл дегенің – жылғадан аққан бұлақтай» дегенді айтқан да сол бұрынғылар. Сол бұрынғылар айтса – айтқандай, кеше ғана төрткүл дүниені мекен етіп жатқан пешенелі пенде біткен жапа-тармағай Жылан жылын қарсы алып жатпап па еді?! «Су ағады, тас қалады» дегендей жылғадағы судай жылыстап, көзімізді ашып-жұмғанша бұл жылыңыз да өте шықты. Сан алуан оқиғалар мен жақсылы-жаманды жаңалықтарға толы 2025-ші Жылан жылы тарих қойнауына кеткенімен осы жылда тойланған той-томалақ, өлім-жітімді айтпағанда, көп сезімін селт еткізген, көңілімізді елп еткізген жағымды жаңалықтар, мемлекет тарапынан қол жеткізген келісімдер, спорт пен мәдениет, әдебиет саласындағы жетістіктер, құрылысы ұзақ жылдарға созылып, елдің жүйкесін тоздырып жіберген көлік жолдарының салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілген сәттері т.б. оқиғалар ел жадында жатталып, күнтізбеде хатталып қалғандығы айдан анық, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ
Дана бабаларымыз:
- Жақсылықты тасқа жаз,
Оқығандар санасына көшірсін.
Жамандықты құмға жаз,
Жел үйіріп, жер бетінен өшірсін, – деген екен.
Ендеше сіз бенен біз көзбен көріп, құлақпен естіп куә болған, мүмкін белгілі бір мөлшерде, белгілі бір салаға үлес қоса білген жақсылықтар мен жетістіктердің біразын неге тізбелей кетпеске?! Иә, бабаларымыз айтқандай, оқыған жұрт санасына көшірсін, көңілдерін өсірсін. Барымен мақтанып, жеткеніне шаттана білу де ақыл-есі толық адамзат баласына тән жақсы қасиеттердің бірі болса керек.
Ең әуелі Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2025 жылды ел аумағында «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады.
Сондай-ақ, Рим, Ош және Ереван қалаларында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ақынның бюсті мен ескерткіші қойылып, музейі және көшесі ашылды. Бейжің қаласында Қазақстанның Мәдениет орталығы есігін ашты. Халық композиторы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы және мерейтойлық даталар күнтізбесіне енсе, Бішкек қаласында Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған ескерткіш орнатылды. Армения мен Ресейде Қазақстанның мәдени күндері өтіп, Ақтау қаласына «Түркі әлемінің мәдени астанасы - 2025» мәртебесі берілді. Бұдан басқа, Мемлекет басшысы жыл бойында бірқатар шет мемлекеттердің басшыларымен кездесіп, еліміз үшін маңызды, екіжақты тиімді құжаттарға қол қойып, келісімдерге келді.
Ал, өзіміз жыл он екі ай ауасын жұтып тірлік етіп жатқан Шығыс өңірінде «Атап өтуге тұрарлық қандай оқиғалар мен жағымды жаңалықтар, жақсы жетістіктер болды?» дейтін болсақ, Жылан жылы Шығыс өңіріне ауқымды жобалар мен ілкімді істер, нақты нәтижеге бағытталған жұмыстар атқарылды.
Шешімін тапқан маңызды мәселенің бірегейі тоғыз жылдан бері салынып бітпей, әсіресе, Зайсан, Тарбағатай, Ақсуат, Көкпекті, Жарма аудандарындағы халықтың жүйкесін жүндей түткен «Қалбатау-Майқапшағай» тас жолының құрылысы болатын.
Жылыстап бара жатқан Жылан жылындағы ауыз толтырып айтарлық жаңалықтың ең қомақтысы қазан айының 16-шы жұлдызы Шығыс Қазақстан және Абай облыстары үшін ерекше тарихи күн – инфрақұрылымдық, республикалық маңызы бар жобаларының бірі «Қалбатау - Майқапшағай» автожолы ресми ашылды. Бұл жоба еліміздің көлік логистикасын жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстан, Ресей және Қытай арасындағы транзиттік байланысты нығайтуға бағытталған.
Ұзындығы 415 шақырымды құрайтын «Қалбатау-Майқапшағай» жолының 184 шақырымы Абай облысын, 231 шақырымы Шығыс Қазақстан облысын басып өтетін.
Салтанатты рәсімде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен жол құрылыс жұмыстарын жүргізген компания өкілдері халықаралық логистикалық дәліздің ел игілігіне ресми түрде берілгендігін мәлімдеді.
КЕЛЕР ЖЫЛДАН ҮМІТ КӨП
Бұл жылы руханият саласында да бірқатар мәдени шаралар өтті. Наурыз айында облыс орталығында қарымды қаламгер Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Қара сөздің қарагері - Қалихан» атты республикалық ақындар айтысы өтсе, араға екі-үш ай салып қасиетті Катонқарағай жерінде дәстүрлі «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль байрағын көтерді. Фестиваль бағдарламасында ат жарысы, балуандар күресі ұйымдастырылып, түркі тектес елдерден келген өнерпаздар әсем табиғат аясында жиналған қарақұрым халыққа өз өнерлерін паш етті. Халықаралық ақындар айтысы да, республикалық жазба ақындар мүшәйрасы да бұл жолы осы елдің тумалары, белгілі жазушылар Қалихан Ысқақ пен Дидахмет Әшімханұлының мерейтойларына, қаламгер жерлестеріміздің рухына арналды.
Облыс орталығындағы кітапханалар мен қала мектептерінде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына, ұлт ұстаздары Құмаш Нұрғалиевтің 100, Қанипа Бітібаеваның 80 жасқа толуына, халық композиторлары Нұрғиса Тілендиевтің де 100 және Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдық мерейтойларына арналған т.б. танымдық шаралар кең ауқымда аталып өтті.
Тарих қойнауына еніп бара жатқан Жылан жылында өткізілген айта кетерлік мерекенің бірі – Шығыс Қазақстан облысында дәстүрлі «Шығыс салбурыны-2025» халықаралық бүркітшілер фестивалі десек болады. Дала рухы мен қыран болмысын дәріптейтін бұл шара биыл өңірімізде осымен бесінші рет ұйымдастырылып, жеті мемлекеттің құсбегілері арнайы келіп, өз қырандарының бабын сынға салды. Қатысушылар бүркітті қолға шақыру, шырға тарту, қоян мен түлкіге салу сияқты дәстүрлі сайыстарда бақ сынап, жиналғандардың қошеметіне бөленді.
Сонымен қатар, халықаралық шара аясында жылқышылар асау үйретіп, садақшылар мергендіктерін көрсетті. Қыран құсты ұлықтап, қазақ халқының ұлттық саятшылық дәстүрін насихаттауға бағытталған бұл фестиваль 2023 жылдан бері халықаралық деңгейде өткізіліп келеді.
Үш күнге созылған «Шығыс Салбурыны-2025» фестиваліне 103 қатысушы қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды.
Ел аумағында «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп аталған Жылан жылы шығысқазақстандықтарды да айналып өткен жоқ. Көктем мерекесі «Наурыздан» бастап, Ата заңымыздың 30 жылдығы, Республика күні, Тәуелсіздік мерекесі т.б. айтулы күндердің барлығында ел экономикасы мен руханиятына, мәдениеті мен әдебиетіне, медицинасы мен спортына т.б. салаларда өз үлестерін қосып жүрген бірқатар жерлестеріміз осы күндері түрлі марапаттарға ие болып, мерейлері үстем болды.
Қазақ: «Өмір бар жерде, өлім де бар» деген. О шеті мен бұ шеті құс қанатын талдырған ұлан байтақ қазақ даласының жылт еткен қуанышы да, зіл төккен қайғысы да ортақ. Жылан жылы төрімізден жай ғана жылыстап өтпей, қазақ дейтін қаймана халықтың Мұхтар Мағауин, Мекемтас Мырзахмет, Дулат Исабеков, Исрайыл Сапарбаев, Темірхан Медетбек, Әкім Тарази, Сейіт Қасқабасов, Күләш Ахметова, Асанәлі Әшімов сынды біртуар алыптарын да өзімен бірге ала кетті.
- Айналып өткен жан бар ма,
Тосқауыл торын тағдырдың?! – дегендей, бұл да бір тіршіліктің тылсым құбылысы.
2025 Жылан жылында орын алған елеулі оқиғаларға қысқаша болсын тоқталып өттік. Алдымызда күлдір-күлдір кісінеп Жылқы жылы келе жатыр. Оның бізге нендей жаңалық, қандай жақсылық әкеле жатқанын уақыт көрсете жатар. Тек, жаңа жыл – жалпақ жұртқа жайлы болса екен...
Осы орайда Altainews.kz сайтының жер-жердегі оқырмандарына, барша қазақ жұртына, қала берді адамзат баласына:
- Ауыздығымен алысып, келіп жеткен Жылқы жылында әр шаңырақ табысты әрі шығынсыз болса екен! - деген тілек білдіреміз.
Серік ҚҰСАНБАЕВ




