Экология – өмір салты: ШҚО жастары экологиялық мәдениет пен сауаттылықты қалыптастыру жолында
Шығыс Қазақстан облысында экологиялық жауапкершілік бір жолғы акциялармен шектелмей, күнделікті өмір салтына айналып келеді. Қоршаған ортаға жанашыр көзқарас, табиғатты сақтау мәдениеті мен саналы таңдау – бүгінгі жас ұрпақтың басты құндылықтарының бірі. Осы бағыттағы жұмыстардың қорытындысы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында өткен жастармен мазмұнды кездесу барысында сараланды, деп хабарлайды Altainews.kz. тілшісі.
Іс-шара өңірдің белсенді жастарын, волонтерлерді, жастар ұйымдарының өкілдерін және табиғатқа бейжай қарамайтын азаматтарды бір алаңға тоғыстырды. Кездесудің басты мақсаты – жыл бойы атқарылған экологиялық жұмыстардың нәтижесін шығару, жинақталған тәжірибені талдау және алдағы кезеңге жаңа міндеттерді айқындау.
Диалог алаңы форматында өткен жиын дәстүрлі есеп беру жиынынан гөрі, өңірдің экологиялық болашағына қатысты ашық әрі шынайы пікір алмасу аясында тоғысты. Қатысушылар тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін қалыптастыру, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, экологиялық ағартушылықты күшейту және жастардың табиғат қорғау бастамаларына кеңінен қатысуы мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында спикер ретінде Ұлан ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Биғалиев және белсенді волонтер Малика Заманбек сөз сөйледі. Олар жыл бойы атқарылған жұмыстардың негізгі бағыттарына тоқталып, экологиялық өзгерістердің басты қозғаушы күші – белсенді әрі жауапкершілігі жоғары жастар екенін ерекше атап өтті.
Жыл басынан бері Ұлан ауданында 50-ден астам экологиялық акция ұйымдастырылып, оған жүздеген ерікті мен тұрғын тартылды. «Таза Қазақстан» акциясы мен Құстардың халықаралық күні аясында оқушылар құстарға арналған ұялар жасап, оларды ағаштарға іліп, өңірдің биологиялық алуандығын сақтауға өз үлестерін қосты. Бұл шаралар жас буынның табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.
Жастар өңірдің экологиялық символдарының бірі саналатын Шалқар көліне ерекше назар аударды. Көл маңында емен, қайың және терек ағаштарын қоса алғанда 300 көшет отырғызылып, табиғи аймақтың экожүйесін қалпына келтіруге нақты үлес қосылды. Сонымен қатар, «Таза бұлақ» акциясы аясында Алғабас ауылында және Шалқар көлі аумағында 150 адамның қатысуымен ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Ал «Таза жағалау» акциясы барысында Сартынбет жағалауы мен Шалқар көлінің маңы 200-ден астам волонтер мен «Жасыл ел» жасақтарының күшімен қоқыстан тазартылды. Бұл жұмыстар өңірдегі экологиялық мәдениеттің біртіндеп орнығып келе жатқанын көрсетті.
Жалпыұлттық саясатпен үндес бағыт
Өңірде жүзеге асырылып жатқан экологиялық бастамалар жалпыұлттық деңгейде айқындалған саясатпен толық үйлеседі. 2025 жылғы 21 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөйлеген сөзінде қоршаған ортаға қамқорлық бір реттік науқан емес, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Бүгінде бұл қағидат Шығыс Қазақстан облысында нақты істермен жүзеге асырылып келеді.
Кездесу барысында жастар өз ұсыныстарын ортаға салып, елді мекендерді абаттандыру, экологиялық жобаларды кеңейту және волонтерлік қозғалысты одан әрі дамыту мәселелерін көтерді. Қатысушылардың белсенділігі мен жоғары қызығушылығы өңірде экологиялық мәдениеттің қалыптасып қана қоймай, нақты нәтижелер беріп отырғанын айқын көрсетті.
Жастармен өткен бұл диалог экологиялық жауапкершілікті нығайту жолындағы тағы бір маңызды белеске айналды. Табиғатқа жанашыр көзқарас, ортақ іске жұмылу және саналы таңдау арқылы Шығыс Қазақстан өзінің тазалықты, орнықты дамуды және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті таңдағанын тағы бір мәрте дәлелдеді.




