KZ
Өскемен
-8°
пасмурно жел 2 м/с, З
512.83 600.58 6.36

Үйінен шығып кеткен жасөспірім Өскеменнен табылды

28.12.2025, 15:00 127 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысында цифрлық технологиялардың, соның ішінде бейнесараптама жүйесінің көмегімен жоғалған кәмелетке толмаған баланың жүрген жері жедел анықталды. Айта кетейік, жыл басынан бері Шығыс Қазақстанда арнайы бейнесараптама жүйесі арқасында іздеуде жүрген 38 адам мен хабар-ошарсыз кеткен екі адам анықталған, деп хабарлайды Altainews.kz

Глубокое аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан 16 жастағы ұлы төрт күн бұрын үйінен шығып кетіп, содан бері байланысқа шықпағаны туралы арыз түседі. Анықталғандай, жасөспірім бұған дейін де бірнеше рет үйінен кетіп қалған.

Хабарлама түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын қолға алып, бейнебақылау және бейнесараптама жүйесінің мүмкіндіктерін толық пайдаланды. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жасөспірім Өскемен қаласының аумағынан табылды.

Құқық қорғау органдары қызметкерлері анықталған мекенжайға барып, баланы анасына аман-есен табыстады. Қазіргі уақытта оның өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Онымен және оның заңды өкілімен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Айта кетейік, бейнесараптама жүйесі өңірде биылғы жылдың мамыр айынан бастап қолданысқа енгізілген. Осы уақыт аралығында аталған жүйе екі хабар-ошарсыз кеткен адамның орналасқан жерін анықтауға, сондай-ақ іздеуде жүрген 38 тұлғаны ұстауға мүмкіндік берді. Жалпы, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жоғалған 37 жасөспірімді тауып, аман-есен жақындарына қайтарды.

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті ата-аналарды балалар қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, олардың араласатын ортасына және мінез-құлқындағы өзгерістерге үнемі назар аударуға шақырады. Ал балаларға қандай да бір қиындық туындаған жағдайда ересектерге дер кезінде хабарлаудың маңыздылығы ескертіледі.


Фото: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу