KZ
Өскемен
-13°
ясно Штиль
504.6 594.27 6.48

Үлкен Нарын ауданында Жаңа жыл шыршасы жағылды

Кеше, 14:00 112 Базарова Айгүл

Желтоқсан айының соңында Үлкен Нарын ауданында Аудан күні мен Жаңа жыл мерекесіне арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар легі ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Мерекелік бағдарлама салтанатты рәсімдерден бастап, зияткерлік ойындар мен мәдени кештерге дейінгі мазмұнды шараларды қамтыды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Мерекелік күндер 27 желтоқсан күні аудан орталығындағы Орталық алаңда өткен Жаңа жылдық шыршаны жағу салтанатымен басталды. Кешкі уақытта өткен шара барысында Бас шыршаның шамы жағылып, алаңға жиналған көпшілікке ерекше мерекелік атмосфера сыйлады. Шара аясында аудан өнерпаздарының қатысуымен шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ән мен би кеш көркін аша түсті.

Сондай-ақ, Аудан күні мен Жаңа жыл мерекесіне орай «QAZAQSHA QUIZ» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Тартысты өткен интеллектуалдық сайыста қатысушылар білімдері мен тапқырлықтарын сынап, командалық рух пен ой ұшқырлығын көрсетті. Қызықты сұрақтар мен тапқыр жауаптар, достыққа негізделген атмосфера кештің шынайы сәніне айналды.

Зияткерлік ойын нәтижесі бойынша:

«Аралас» жастар командасы;

«Жаңа район» өнерпаздар командасы;

«Арайлы Катонқарағай» (Катонқарағай ауданы) командасы жеңімпаз атанды.

Жеңімпаздарға арнайы марапаттар табысталып, қатысушылар үшін бұл кеш жарқын естелікке толы болды.

Мерекелік шаралар бүгін аудандық Мәдениет үйінде Аудан күніне арналған «Өркендей бер, Үлкен Нарын!» атты мерекелік концертпен жалғасын табуда. Концерттік бағдарламаға арнайы шақырылған өнер жұлдыздары қатысып, бұл кеш аудан өміріндегі басты мәдени оқиғалардың біріне айналмақ. 

Ал 30–31 желтоқсан күндері жаңа жылдық мультфильмдер мен көркем фильмдер көрсетілімі өтеді. 1 қаңтар күні түнгі сағат 00:30-да «Төрлет, Нарыныма, Жаңа жыл!» атты мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылады.

Ұйымдастырушылар барша аудан тұрғындары мен қонақтарын осындай тағылымды мерекелік іс-шараларға белсенді қатысып, бірлік пен берекеге толы Жаңа жылдың қуанышын бірге бөлісуге шақырады.


Фото: Үлкен Нарын ауданы әкімдігі 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу