KZ
Өскемен
-22°
туман Штиль
504.6 594.27 6.48

Жаңа жыл қарсаңындағы полицейлердің мейірімді бастамасы

Кеше, 13:00 69 Базарова Айгүл

Жаңа жыл қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері Өскемен қаласындағы негізгі орта мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне ұмытылмас мерекелік көңіл күй сыйлады. Қысқы ертегідей әсерге толы бұл күн балалардың жүрегіне қуаныш пен үміт ұялатты, деп хабарлайды Altainews.kz.

Бұл күні 1–4 сынып оқушылары үшін мектеп нағыз ғажайып әлемге айналды. Жаңажылдық кейіпкерлер қатысқан әсерлі қойылым, түрлі-түсті костюмдер шеруі, шаттыққа толы әндер мен әсем билер залды күлкі мен қуанышқа бөледі. Балалардың жүзіндегі шынайы қуаныш мерекенің басты сәніне айналды.

Мерекелік бағдарлама «Жас сақшы» кадет сыныбы мен №30 орта мектеп оқушыларының өнерімен жалғасты. Олар әсем ән мен заманауи патриоттық биді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Іс-шара барысында балалар мен ата-аналарды Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Манапов құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

— Жаңа жыл — үміт пен ізгі тілектерге толы ерекше кезең. Әр шаңырақта жылулық, қамқорлық пен жарқын болашаққа деген сенім орнасын. Әрбір бала бақытты балалық шаққа лайық, ал біз әрдайым жандарыңыздан табыламыз, — деді ол.

Кездесу соңында барлық тәрбиеленушілерге сыйлықтар табысталып, мерекелік көңіл-күй одан әрі жалғасын тапты.

Айта кетейік, бұл мектеп-интернатты қамқорлыққа алу ШҚО полиция қызметкерлері үшін тоғыз жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Мұндай кездесулер профилактика мен сенімнің ең әуелі адамгершілік қарым-қатынас пен шынайы ізгі істерден басталатынын айқын көрсетеді.


Фото: ШҚО ПД

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу