ШҚО-ның бас полицейі ерлік көрсеткен қызметкерлердің балаларына мерекелік қуаныш сыйлады
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков ерлікпен қаза тапқан және қызметтік борышын өтеу кезінде жарақат алған ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасыларына ерекше көңіл бөлді. Облыстың бас полицейі Аяз ата бейнесінде батыр қызметкерлердің үйлеріне арнайы барып, олардың балаларына мерекелік сыйлықтар табыстады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мерекелік шара барысында әрбір отбасыға шынайы жылулық пен қамқорлыққа толы атмосфера сыйланды. Балалар Аяз атаны зор қуанышпен қарсы алып, жаңа жылдық сыйлықтар мен жылы лебіздерге бөленді. Бұл тосынсыйлар балалар үшін тек сыйлық қана емес, олардың ата-аналарының ерлігі ескерусіз қалмағанының, мемлекет пен қоғам тарапынан көрсетілген қолдаудың белгісі болды.
Кездесу кезінде Ерлан Омарбеков қызметтік борышын адал атқару жолында өмірін қиған және жарақат алған полицейлердің ерлігі батылдықтың, антқа беріктіктің және ел қауіпсіздігіне деген шексіз адалдықтың айқын көрінісі екенін атап өтті. Ол бұл ерліктер әрдайым полиция қызметкерлерінің жадында сақталатынын және жас ұрпақ үшін үлгі болатынын айтты.
Іс-шара барысында балалардың жүзіндегі қуаныш пен шынайы күлкі мерекенің басты көркіне айналды. Ата-аналар көрсетілген ілтипат пен қамқорлық үшін полиция департаментінің басшылығына ризашылықтарын білдірді.
Бұл бастама ерлікке деген құрметтің тек марапаттармен шектелмей, нақты іс пен адами жанашырлық арқылы көрінетінін көрсетті. Өйткені полиция қызметі — тек жауапкершілік пен тәртіп қана емес, сондай-ақ ең қиын сәттерде бір-біріне тірек бола білу.
Фото: ШҚО ПД












