KZ
Өскемен
-23°
туман жел 1 м/с, ОБ
508.91 594.36 6.33

Қазақстан – фиджитал-спорттың жаңа орталығы

24.12.2025, 13:15 134 Төлеуғазы Жансая

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өткен The Games of the Future Abu Dhabi 2025 халықаралық турнирі өз мәресіне жетті. Спортты, цифрлық технологияларды және инновациялық шешімдерді бір алаңға тоғыстырған бұл ауқымды дода алты күн бойы әлемнің назарын өзіне аударды. Турнирдің салтанатты жабылу рәсімінде 2026 жылы Болашақ ойындарын қабылдайтын Қазақстанға эстафета ресми түрде табысталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл шешім Қазақстанның фиджитал-спортты дамытудағы әлеуетін, халықаралық қауымдастық алдындағы сенімін және болашақ спорт форматтарын ұйымдастыруға дайындығын айқын көрсетеді.

Абу-Дабидегі турнир бағдарламасына физикалық және цифрлық форматтарды біріктіретін 11 фиджитал-дисциплина енгізілді. Атап айтқанда:

фиджитал футбол

фиджитал баскетбол 3х3 FreeStyle

фиджитал-файтинг FATAL FURY: City of the Wolves

фиджитал-шутер CS2

Battle Royale (Fortnite)

фиджитал-дансинг Just Dance

Dota 2

Mobile Legends: Bang Bang (MLBB)

VR-ойын HADO Global Invitation

фиджитал-дрон-рейсинг

роботтар шайқасы

Жарыстар заманауи ареналарда өтіп, онлайн-платформалар арқылы тікелей трансляцияланды. Мыңдаған көрермен мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүздеген спортшы мен ондаған команда фиджитал-спорттың бүгінде-ақ жаһандық спорт күн тәртібінің маңызды бөлігіне айналғанын дәлелдеді.

Қазақстан турнирде бірқатар мықты командалармен ұсынылып, жоғары деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.

PBC Astana командасы Phygital Basketball 3on3 FreeStyle дисциплинасында сәтті өнер көрсетіп, финалдық кезеңге жолдама алды. Команда тактикалық дайындығын, жоғары командалық үйлесімділігін және мінезін айқын көрсетіп, турнир қорытындысы бойынша қола жүлдеге ие болды.

Ал UEL TEAM командасы Phygital Football дисциплинасында цифрлық кезеңнің барлық матчтарында жеңіске жеткенімен, физикалық кезеңдегі екі ойын жалпы нәтижеге әсер етіп, плей-оффтың келесі кезеңіне өте алмады. Дегенмен бұл нәтиже Қазақстан командаларының халықаралық деңгейдегі тәжірибесін арттырып, болашақ жарыстарға маңызды сабақ болды.

Бұл жетістіктер Қазақстанның жаһандық фиджитал қозғалыстағы рөлінің жылдан жылға күшейіп келе жатқанын көрсетеді.

Абу-Дабидегі турнир барысында «Астана 2026 Болашақ ойындары дирекциясының» ресми делегациясы белсенді жұмыс атқарды. Делегация жарыстарды ұйымдастырудың басқарушылық, техникалық және операциялық қырларын жан-жақты зерделеп, халықаралық тәжірибе жинақтады.

Алынған білім мен құзыреттер 2026 жылы Астанада өтетін Болашақ ойындарын дайындаудың берік негізіне айналады. Бұл жолы Қазақстан халықаралық жаңа форматтағы турнирге тек қатысушы ретінде ғана емес, алғаш рет толыққанды ұйымдастырушы ел ретінде шығады.

Фиджитал-спорт (physical және digital сөздерінен) – дәстүрлі физикалық белсенділікті цифрлық технологиялармен және ойын механикаларымен біріктіретін спорттың жаңа буыны. Классикалық спорт пен киберспорттан айырмашылығы, фиджитал-жарыстар:

  • физикалық төзімділік пен күшті дамытады
  • ойындық ойлау мен шешім қабылдау жылдамдығын арттырады
  • цифрлық сауаттылық пен технологиялық дағдыларды жетілдіреді
  • командалық рух пен көшбасшылық қасиеттерді қалыптастырады.

Қазақстан үшін бұл бағыт жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, дәстүрлі спорт пен киберспорт арасындағы байланысты нығайтып, жаңа спорттық экожүйе қалыптастыруға жол ашады.

The Games of the Future Abu Dhabi 2025 турнирінің аяқталуымен жаһандық фиджитал қауымдастықтың назары Қазақстанға ауысты. 2026 жылы Астана фиджитал-спорттың жаңа астанасына айналып, әлемнің үздік командалары мен спортшыларын қабылдайды.

Астанада өтетін Болашақ ойындары ірі халықаралық спорттық оқиға ғана емес, сонымен қатар инновация, білім, спорт және цифрлық мәдениетті дамытудың қуатты драйвері болмақ. Бұл жоба Қазақстанның жаһандық аренадағы беделін нығайтып, елдің болашақ спорт индустриясындағы көшбасшылық позициясын айқындайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу