Ерекше ықыласпен ерекше балаларға арналған жаңажылдық шырша
Өскемен қаласы әкімінің ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған дәстүрлі жаңажылдық шыршасы биыл да жоғары деңгейде өтті. Мерекелік шара Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының кең де сәнді фойесінде ұйымдастырылып, оған 9 бен 13 жас аралығындағы 150 оқушы қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа жыл – жаңа арман, жаңа үміт пен жаңа бастамаларға жетелейтін жарқын мереке. Бұл күнді әр бала қуаныш пен ғажайыпқа толы сәттермен қарсы алуды армандайды. Сол армандардың орындалуына Өскемен қаласының әкімдігі ерекше көңіл бөліп келеді.
Қалалық білім бөлімі басшысы Думанғазы Арғынғазиннің айтуынша, қала әкімінің бастамасымен биыл ерекше балаларға, сондай-ақ әлеуметтік санаттағы отбасылардың балаларына арналған бірнеше жаңажылдық шырша мерекесі ұйымдастырылған.
Фойеде балаларды ертегі кейіпкерлері қарсы алып, түрлі ойындар мен қызықты сайыстар өткізілді. Балғындар ойындарға белсене қатысып, ән айтып, би билеп, мерекенің әр сәтінен ерекше әсер алды. Балалардың жүзіндегі шаттық пен шынайы күлкі бұл кештің басты көркіне айналды.
Мерекелік шара барысында балаларды Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов арнайы құттықтап, жүрекжарды тілегін жеткізді.
Мерекелік көңіл-күй сыйлаған кеште ертегі кейіпкерлері, өнерпаздар мен аниматорлар балаларды түрлі ойындармен, ән-бимен қуантты. Концерттік бағдарлама балғындарға ерекше әсер қалдырды.
Шараның мән-маңызын педагогтер да атап өтті. Балалар шығармашылығы сарайының педагогы Елена Синельникова бұл мерекенің балалар үшін үлкен рухани қуат бергенін айтты.
Мерекеге қатысқан ата-аналар да ризашылықтарын жасырмады. Өскемендік тұрғын Дәурен бұл шараға алғаш рет қатысып отырғанын айтып, қала басшылығына алғысын білдірді.
Шырша тойына қатысқан балалардың бірі – 4-сынып оқушысы Айсұлтан. Ол мерекеге анасы Жадыра Бабағұмаровамен бірге келген.
Айта кетейік, биыл Өскемен қаласы әкімінің жаңажылдық шырша мерекесі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар барлығы 450 балаға арналды.
Мереке өте көңілді әрі әсерлі өтті. Қала әкімі балалармен бірге шыршаны айнала ән айтып, естелік суретке түсіп, балғындардың шат күлкісіне куә болды. Барлық балаларға Өскемен қаласы әкімінің атынан 50 мың теңгелік сертификаттар мен тәтті сыйлықтар табысталды.
Жаңа жыл қарсаңындағы бұл мереке балғындардың жүрегіне қуаныш ұялатып, ғажайыпқа деген сенімін арттырған, есте қаларлық жарқын шара болды.
Фото/видео: Руслан Акматалиев











