Шығыста Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткачтың мерейтойлық концерті өтті
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткачтың 65 жылдық мерейтойына арналған салтанатты концерт өтті. Мерейтой иесінің шығармашылық жолындағы сан қырлы репертуарынан таңдаулы туындылар орындалған кешке көрнекті өнер қайраткерлері мен оның шәкірттері қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Вячеслав Ткач – республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты әрі дипломанты, ағайынды Абдулиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің оқытушысы, білім беру ісінің құрметті қызметкері. Ол – Шығыс Қазақстан облыстық филармониясының және облыс әкімі симфониялық оркестрінің солисі, Өскемен қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері. Осындай салмақты атақ-дәрежелердің артында бірнеше буын өнерпазды тәрбиелеп шығарған, табиғи дарыны мен адами болмысы үйлескен, бірегей тұлға, ұлағатты ұстаз тұр.
Мерейтойға орай ұйымдастырылған ауқымды концертке арнайы шақырылған орындаушылар мен өнер иесінің шәкірттері қатысты. Солардың бірі – Вячеслав Ткачтың тәрбиесін көрген Алия Бейсенова. Ол бүгінде Италияда тұрады және осы кешке арнайы келіп, ұстазымен бір сахнада өнер көрсетті.
Оның айтуынша, Вячеслав Ткач – талапшыл да әділ ұстаз. Шәкірттері оны кәсібилігі, харизмасы және сахнадағы өзіндік болмысы үшін ерекше құрметтейді. Көптеген жас өнерпаз үшін ол – үлгі тұтар биік тұлға.
Кеш барысында сахна төріне Қазақстанның Халық әртісі Шахимардан Әбілов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Естай Мұқашев, Надежда Нестерова, Андрей Шагидевич, Жанат Бисимбаев, Данияр Айтқожинов, Дарын Бисаринов, Эльмира Шпекпаева шықты. Музыкалық сүйемелдеуді Шығыс Қазақстан облысы әкімінің симфониялық оркестрі қамтамасыз етті. Бас дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Александр Галсанов.
Айта кету керек, шақырылған қонақтардың бірі – Шахимардан Әбілов – кезінде Құрманғазы атындағы консерваторияда Вячеслав Ткачтың ұстазы, факультет деканы болған. Ол мерейтой иесін жүрекжарды лебізімен құттықтады.
– Ол алдымен менің шәкіртім болды, кейін әріптеске, досқа айналды, ал бүгінде бауырымдай жақын адам, – деді Шахимардан Әбілов. – Вячеслав туралы көп айтуға болады, бірақ Абайдың сөзімен түйіндегім келеді: шынайы дос – адамды тазартып, туған халқына деген махаббатын арттырады. Вячеславтың жаны – музыка. Ал музыка – Алланың адамзатқа сыйлаған нұры.
Мерейтой иесін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та құттықтады.
– Бүгін Шығыста ерекше кеш өтіп жатыр. Бұл – өнердің, музыканың, махаббаттың кеші. Құрметті Вячеслав Михайлович, Сізді 65 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Сізге мықты денсаулық, шығармашылық өрлеу тілейміз. Сіз – біздің қазынамыз, Шығыстың мақтанышы, Алтайдың үнісіз. Біз Сізді мақтан тұтамыз, – деді облыс басшысы. – Сіздің шәкірттеріңіз Қытайда, Ресейде, Түркияда өнер көрсетіп жүр. Сіз – ұлы әріппен жазылатын Ұстазсыз.
Елизавета Седых
Аударған: Айдос Мырзахметов
Фото: Артем Жигулин
Видео: Евгений Щетников















