KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
512.83 600.58 6.36

Елімізде инклюзивті білім беруді дамытудың жаңа кезеңі басталды

Кеше, 10:30 48 Ержан Әбіш

Қазақстанда алғаш рет Инклюзивті білім беру жөніндегі әлемдік конгресс өтті. Ауқымды халықаралық іс-шара педагогтердің кәсіби құзыреттерін арттыруға, инклюзивті мәдениетті дамытуға және инклюзивті білім беру саласындағы жаһандық диалогтың жаңа кезеңін бастауға серпін берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Инклюзивті білім беруді жүйелі түрде дамыту мақсатында мектепке дейінгі ұйымдарда және кәсіби-техникалық білім беру ұйымдарында педагог-ассистент штаттары енгізілді. Бұл бастама ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жеке қолдау көрсетуге мүмкіндік берді. Қазіргі таңда еліміздің білім беру ұйымдарында 3,8 мың педагог-ассистент және 10 275 арнайы педагог қызмет атқарып келеді.

Сонымен қатар мектептерде мүмкіндігі шектеулі және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға жеке көмекші лауазымы енгізілді. Нәтижесінде 129 ерекше білім беру қажеттілігі бар балаға физикалық сүйемелдеу көрсетілді, оның ішінде бұрын үйде оқыған 45 бала жалпы білім беретін мектептерде білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Елімізде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға арналған инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Бүгінде Қазақстанда 516 арнайы ұйым жұмыс істейді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аутизм орталықтарының желісі кеңейтілуде, сондай-ақ ерте жастан бастап мамандық алуға дейінгі балаларды кешенді қолдауды көздейтін тиісті тұжырымдама бекітілді.

Айта кетейік, қазіргі уақытта инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған білім беру ұйымдарының үлесі 93,3 пайызды құрайды. Ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалардың үлесі 87 пайызға жеткен.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу