Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындауда алаяқтыққа енді жол берілмейді
Премьер-министр жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайлардың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар әзірлеуді, сондай-ақ жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарды субсидиялауды қайта қарауды тапсырды. Десе де, Үкімет отырысында Олжас Бектенов әлеуметтік сала мемлекеттің басым бағыты болып қала беретінін, барлық міндеттемелер толық көлемде орындалатын атап өтті, деп хабарлайды Altainews.kz.
Үкімет басшысының айтуынша, Президенттің бағдарламалық сұхбатында әлеуметтік мәселелерге ерекше назар аударылған.
Осыған байланысты Премьер-министр Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау және Қаржы министрліктеріне бір апта мерзім ішінде жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарауға қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Ол субсидиялау тетіктерін жетілдіру қажеттігін, сондай-ақ бұл салада орын алып отырған заңбұзушылықтарға жол бермеу маңызды екенін атап өтті.
Сонымен қатар Олжас Бектенов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдерді тағайындау кезінде алаяқтық жағдайлардың алдын алуға бағытталған кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды.
Ұсынылатын шаралар әлеуметтік қолдаудың атаулылығын күшейтуге және бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Фото: ҚР Үкіметі