Біз өте қысқа мерзімде инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңартуымыз керек – Олжас Бектенов
Фото: Үкімет
Үкіметте Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі шаралар қаралды. Жиын барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында инвестиция тарту мәселелеріне ерекше назар аударды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
Олжас Бектенов технологиялар мен құзыреттер бере алатын, жаңа нарықтарға жол ашатын ірі инвесторларды елге тарту қажет екенін атап өтті. Сонымен бірге орнықты инвестициялық модельді орта және шағын бизнес өкілдері де қалыптастыра алатынын айтты. Олар өңірлерде жұмыс орындарын ашып, бәсекелестікті күшейтеді.
Үкімет басшысы «инвестицияға тапсырыс» тетігін жетілдірудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жаңа буынның ғылымды көп қажет ететін өндірістерін құрудың қозғаушы күшіне айналуға тиіс.
Осыған байланысты Олжас Бектенов Ұлттық экономика министрлігіне Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, инвестиция тарту жүйесін түбегейлі жаңарту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Үкімет отырысында сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту мәселесі қаралды.
Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігі екі апта ішінде салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, қосылған құны жоғары өнім өндіруге бағытталған жобаларға инвестиция тарту шараларын әзірлейді. Қажет болған жағдайда преференциялардың жаңа түрлері енгізілмек.
Сонымен қатар, Премьер-министр елімізге инвестиция тарту ісіне нақты бір мемлекеттік орган жауапты болуға тиіс екенін айтты.