Тіркемесі бар ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу – ШҚО
5 желтоқсан күні сағат 10:00-ден бастап Шығыс Қазақстан жолдарында тіркемесі бар ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлайды Altainews.kz
Бұл шешім өңірдегі қолайсыз ауа райына – көктайғақ пен жол қозғалысына кедергі болған бірқатар себепке байланысты қабылданған. Қар аралас жел, тайғақ жол мен тұман жол қозғалысына қауіп төндіргендіктен, жүргізушілерге аса сақ болу ескертіледі.
Республикалық маңызы бар автожолдардағы шектеулер келесі учаскелерді қамтиды:
«Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» бағытындағы Глубокое кентінен Шемонаиха қаласына дейінгі 1104–1191 шақырым аралығы;
«Өскемен – Риддер – РФ шекарасы» бағытындағы Белоусовка кентінен Риддер қаласына дейінгі 15–105 шақырым;
Сонымен қатар, осы уақыттан бастап облыстық маңызы бар жол желісінде де қозғалысқа шектеу қойылды:
«Шемонаиха – Секисовка» бағытының 0–56 шақырым аралығы.
Құзырлы органдар жүргізушілерді ауа райы тұрақталғанша сапарды кейінге қалдыруға, жолда жылдамдықты асырмауға және барынша сақ жүруге шақырады.