KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

Ірі жобалар мен ауқымды инвестициялар: Өскеменнің даму қарқыны

19.12.2025, 16:15 124 Төлеуғазы Жансая

Өр Алтайдың төрі Өскемен – Шығыс Қазақстан облысының әкімшілік, экономикалық және өнеркәсіптік орталығы ғана емес, еліміздің шығыстағы стратегиялық маңызы бар ірі қалаларының бірі. Түсті металлургия, энергетика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және логистика салаларында айрықша әлеуетке ие. Географиялық ерекшелігі, өндірістік мүмкіндігі, білікті мамандары мен ғылыми әлеуеті Өскеменді инвестиция тарту үшін қолайлы қалаға айналдырып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы атап өткендей, ел экономикасының тұрақты дамуының негізгі қозғаушы күші – инвестиция. Осы бағытта Өскемен қаласында жүйелі, жоспарлы және ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Инвестиция тарту арқылы жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары құрылып, қала инфрақұрылымы жаңарып, тұрғындардың өмір сүру сапасы артуда.

Қазіргі таңда қала бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру қарқынды жүргізілуде. Жалпыұлттық инвестициялық пулға 148 млрд теңгені құрайтын 20 жоба, ал өңірлік пулға 1,5 млрд теңгеге 5 жоба енгізілген. Бұл жобалар өнеркәсіп, сауда, ауыл шаруашылығы, логистика және қызмет көрсету салаларын қамтиды.

2025 жылы жоспарланған 4 инвестициялық жобаның 2-еуі іске асырылды. Атап айтқанда, қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашқан және қаланың сауда инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтерген «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығы, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібін дамытуға үлес қосқан «ALTAI MAI» зауыты пайдалануға берілді. Бұл нысандар қала экономикасына нақты мультипликативті әсер беруде.

Жыл соңына дейін тағы екі ірі жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Олар – «Заречный» базары» ЖШС-нің заманауи сауда үйі және «AitasAgro Astyk» ЖШС-нің 20 мың тоннаға арналған астық сақтау қоймасы. Бұл жобалар азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақталуын және тиімді сатылуын қамтамасыз етеді.

Ал 2026 жылы Өскемен қаласында жалпы құны 46,9 млрд теңгені құрайтын 8 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл – қаланың ұзақ мерзімді экономикалық дамуына бағытталған нақты қадам.

Инвестициялық әлеуетті арттыруда облыс әкімі бастамашы болған «Altay Invest – 2025» халықаралық форумы маңызды алаңға айналды. Форум қорытындысы бойынша Өскемен қаласы бойынша 147,4 млрд теңгеге 5 ірі меморандум жасалды. Атап айтқанда:

Ертіс өзені арқылы өтетін көпірмен бірге Серікбаев көшесінің жалғасын салу – қаланың көлік жүктемесін азайтып, логистиканы жақсартады;

Жаңа тұрғын үй массивтерін салу – тұрғын үйге деген сұранысты азайтып, қала аумағын кеңейтеді;

Мырыш қалдықтарын қайта өңдеу – экология мен өнеркәсіпті ұштастыратын маңызды жоба;

Лифт өндірісі мен құрастыру – импортты алмастыруға бағытталған;

Деректерді өңдеу орталығының құрылысы – цифрландыру мен IT саласын дамытуға серпін береді.

Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Өскемен қаласында Кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі қалалық штаб құрылды. Сонымен қатар республикада алғашқылардың бірі болып шағын және орта бизнес үшін салық мөлшерлемесі 2%-ға дейін төмендетілді. Бұл шешім кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, жаңа бизнес бастамаларға жол ашты.

Индустриялық аймақта «Медсервис ПЛЮС» ЖШС-нің сауда-өндірістік кешені іске қосылды. Бұл нысан – Өскемен қаласындағы А класындағы алғашқы фармацевтикалық терминал, яғни, медицина мен логистика саласындағы маңызды қадам.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, өңдеу және өткізу үшін «Алтай» көтерме-тарату орталығы ашылды. Бұл орталық фермерлер мен қала тұрғындары арасындағы тікелей байланысты күшейтіп, бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қосымша ретінде әр сенбі сайын өткізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері халық үшін үлкен қолдау болып отыр.

Әлеуметтік сала – Өскемен қаласының дамуындағы басты басымдықтардың бірі. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 1500 орындық 3 жаңа мектеп салынды. Бұл білім беру сапасын арттырып қана қоймай, мектеп тапшылығы мәселесін азайтуға мүмкіндік берді. Мектептер заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Мектепке дейінгі білім беру саласында 392 жаңа орын ашылып, жыл соңына дейін 812 орынға жетеді. Бұл жас отбасылар үшін маңызды әлеуметтік қолдау.

Денсаулық сақтау саласында да ірі жобалар іске асуда. Гематология орталығы мен дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын, ал көпсалалы аурухананың құрылысы жалғасуда. Медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,9 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар, «Үлбі» орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балаларға арналған реабилитациялық қызмет түрлері кеңейтіліп, бассейн жөнделіп, гидрореабилитация енгізілді.

Қалада жол-көлік инфрақұрылымын дамыту белсенді жүргізілуде. 2025 жылы 105 км жол, 11 км тротуар жөнделіп, жаңа трамвайлар мен автобустар сатып алынды. Сонымен қатар, Өскеменнің климаттық жағдайында электробустарды сынақтан өткізу жоспарлануда.

Өскемен қаласында балаларды қолдау және олардың қауіпсіз әрі қолжетімді қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында маңызды әлеуметтік шешім қабылданды. Қоғамдық көлікте мектеп оқушылары үшін тегін жол жүру жүйесі енгізілді. Бұл бастама – ең алдымен, балалардың құқықтары мен қажеттіліктерін қорғауға, сондай-ақ ата-аналардың қаржылық жүктемесін азайтуға бағытталған нақты қолдау шарасы.

Тегін жол жүру, әсіресе, қала шетіндегі және жаңа шағынаудандарда тұратын оқушылар үшін өте маңызды. Көптеген балалар күн сайын мектепке, үйірмелерге, спорт секцияларына қоғамдық көлікпен қатынайды. Осы тұрғыда тегін жол ақысы – білімге, дамуға және қосымша мүмкіндіктерге тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін әлеуметтік әділ шешім.

Аталған бастаманы іске асырумен қатар, қалада «Оңай» электронды төлем жүйесі енгізілді. Бұл жүйе қоғамдық көліктегі төлем процесін ашық әрі ыңғайлы етіп қана қоймай, тасымалдаушылардың қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік берді. Жолаушылар ағыны, маршруттардың тиімділігі, қозғалыс кестесінің сақталуы нақты деректер арқылы қадағаланып, соның нәтижесінде бірқатар маршруттар бойынша тасымалдаушылар ауыстырылды.

Балалар үшін тегін жол жүрудің енгізілуі қоғамдық көлікті пайдалануда тәртіп пен қауіпсіздікті арттыруға да оң әсер етті. Электронды жүйе арқылы әрбір сапар тіркеліп, жол жүру мәдениеті қалыптасуда. Сонымен қатар, бұл шешім балалардың қала ішінде өздігінен, қауіпсіз қозғалуына жағдай жасап, ата-аналардың алаңдаушылығын азайтады.

Жалпы алғанда, мектеп оқушыларына тегін жол ақысының енгізілуі – Өскемен қаласында балаларды қолдауға бағытталған әлеуметтік саясаттың нақты көрінісі. Бұл бастама қалада жайлы, инклюзивті және болашақ ұрпаққа қолайлы орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.

Қаланың келбетін жақсарту бағытында Ертіс жағалауы, саябақтар, скверлер абаттандырылып, жаңа қоғамдық кеңістіктер ашылды. Аулалар жаңартылып, балалар және спорт алаңдары салынды, көркем жарықтандыру мен муралдар пайда болды. Бұл жұмыстар Өскеменнің заманауи әрі жайлы қалаға айналуына ықпал етуде.

Сондай-ақ, қала маңындағы жаңа шағын аудандарда бұрыннан қордаланған инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Электр, су, жол мәселелері ең алдымен қаралып, тұрғындардың қауіпсіздігі мен тұрмыс сапасын арттыруға басымдық берілуде.

Халықпен кері байланыс – жергілікті биліктің басты ұстанымдарының бірі. Қала әкімдігі тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, әлеуметтік желілер арқылы түскен өтініштерге жедел жауап беріп келеді. Көтерілген мәселелердің едәуір бөлігі нақты шешімін тауып отыр.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу