Риддер жаңа инвестицияларды тартуға дайын
Риддерде жаңа инвестицияларды тарту арқылы экономикалық өсімді жеделдету және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту жоспары қолға алынбақ. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімінің м.а. Нұрымбет Сақтағанов Риддер тұрғындарымен кездесуінде айтты,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, қаладағы инвестициялық ахуал толық жүйеленбегендіктен, аймақтың әлеуетін ашу үшін нақты даму стратегиясы қажет. Қазіргі экономикалық көрсеткіштер жаман емес, бірақ қаланың әрі қарайғы тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін жүйелі қадамдар қажет. Ол әкімдікке жеке инвестицияларды арттыру бойынша тапсырма беріп, әрбір 1 теңге бюджет қаражатына кемінде 5 теңге жеке инвестиция тарту керектігін атап өтті.
Алдағы жоспарлар нақты секторға инвестиция тартуды, жаңа жұмыс орындарын құруды және бизнес-ахуалды жақсартуды қамтиды. 2029 жылға дейін қалаға қомақты қаражат тарту жоспарланып отыр, оның ішінде жеке сектордан тартылатын инвестиция көлемі бюджет қаражатына қарағанда айтарлықтай артуға тиіс. Бұл бастамалар Риддердің экономикасын нақты секторға негізделген тұрақты даму жолына қоюға мүмкіндік береді.


