Жеті айда негізгі капиталға 9,9 трлн теңге инвестиция құйылды
depositphotos.com
Елімізге инвестиция тарту – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған негізгі міндеттердің бірі болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан экономикасының орнықты дамуына, жаңа өндірістер ашуға, халықты жұмыспен қамтуға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей ықпал етеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2025 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,9 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,1%-ға (8,3 трлн теңге) артық. Инвестициялардың ең көп тартылған салалары – тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу, жылжымайтын мүлік операциялары, көлік және қоймалау, білім беру, ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы, сондай-ақ денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету.
Өсу қарқыны бойынша бірқатар бағыттар оң динамика көрсетіп отыр. Атап айтқанда, білім беру саласына, қаржы және сақтандыру қызметіне, мемлекеттік басқару мен қорғанысқа, өңдеу өнеркәсібіне, сумен жабдықтау және кәріз жүйесін дамытуға, қалдықтарды жинау және қайта өңдеуге, экология және ластанумен күрес саласына тартылған инвестициялар көлемі артты. Сонымен қатар, өнер, ойын-сауық пен демалыс индустриясы да инвесторлар үшін тартымды бола бастады.
Қазақстан бүгінгі таңда шетелдік және отандық инвесторлар үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынып отыр. Елдегі әлеуметтік-саяси тұрақтылық пен қолайлы инвестициялық ахуал жаңа жобалардың іске асуына кепілдік береді. Халықаралық рейтинг агенттіктері – Moody’s, Standard & Poor’s және Fitch – еліміздің институционалдық және саяси тұрақтылығын, сондай-ақ экономиканы әртараптандырудың тұрақты қарқынын жоғары бағалап отыр.
Осының барлығы Қазақстанды Орталық Азиядағы инвестициялар үшін ең тартымды орталықтардың біріне айналдырып, экономикалық өсімнің жаңа серпін алуына негіз болады.