KZ
Өскемен
-6°
пасмурно жел 5 м/с, ОШ
515.02 604.22 6.5

Агросектор: ШҚО-да эпизоотиялық жағдай тұрақты

19.12.2025, 14:30 100 Ержан Әбіш

Облысымызда мал шаруашылығының дамуы мен төрт түліктің саулығын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Эпизоотиялық жағдай тұрақты деп бағаланып, аса қауіпті жұқпалы аурулардың ашық ошақтары тіркелмеген. Биыл өңірде алғаш рет көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасы ашылды. Ветеринариялық пункттер 133 мамандандырылған автокөлікпен, заманауи құрал-жабдықтармен, тоңазытқыштармен қамтылып, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және биоқауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шығыс Қазақстан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағындықов эпизоотиялық ахуал, ветеринариялық қызметтің ағымдағы жұмысы, мал шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалар мен алдағы жоспарларды жан-жақты баяндады.

Оның айтуынша, эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығы ауыл шаруашылығының дамуында шешуші рөл атқарады. Төрт түліктің саулығы мен өнімділігін сақтап қана қоймай, бұл жағдай өңірдегі агроөнеркәсіптік кешеннің экономикалық тұрақтылығына да тікелей әсер етеді.

– Эпизоотиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – тек ветеринар мамандарының ғана міндеті емес. Бұл – мемлекет пен әрбір фермердің ортақ ісі. Тек малдың саулығына тұрақты мониторинг жүргізіп, уақтылы профилактикалық шараларды қолданған жағдайда ғана мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік туындайды, – деп атап өтті Рамиль Нығметжанұлы.

Бүгінгі таңда облыста аса қауіпті жұқпалы аурулардың ашық ошақтары тіркелмеген, эпизоотиялық жағдай тұрақты деп бағаланып отыр. Ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар бекітілген жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде.

Облыс әкімдігі мен мемлекет тарапынан осы жылға ветеринариялық қолайлы жағдайды қамтамасыз ету жөнінде 2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның 470 миллион теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен іске асырылады.

Соңғы 12 жылда алғаш рет ауылдық округтердегі ветеринариялық пункттер мен коммуналдық кәсіпорындарға қызметтік автокөліктер лизинг арқылы сатып алынды. Жалпы 133 мамандандырылған автокөлік қажетті тоңазытқыштар мен ветеринариялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл шаралар эпизоотиялық қауіптерді төмендетуге, мал шаруашылығы субъектілеріндегі биоқауіпсіздікті арттыруға, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

– Биыл өңірде көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасы ашылды. Бұл жоба ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы және Қазақстан мен Қытай арасындағы үкіметаралық келісім аясында іске асырылған. Қытай тарапынан 840 миллион теңгеден астам құны бар 99 зертханалық жабдық пен жиһаз тегін тапсырылды. Зертхана ISO/IEC 17025-2019 халықаралық стандарты бойынша аккредиттелген және ILAC MRA белгісіне ие. Бұл зерттеу нәтижелерінің 112 елде ресми түрде танылуын қамтамасыз етеді. Жабдықталған зертхана ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын бақылау, ветеринариялық диагностика жүргізу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жоғары дәлдікті зерттеулер жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жаңа зертхана еліміздің өнімдерін халықаралық нарыққа шығару үшін техникалық кедергілерді жоюға жол ашып отыр. Бұл әсіресе Қытай мен басқа да экспорттық бағыттар үшін маңызды, – деді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда облыста 100 ветеринариялық пункт жұмыс істейді. Олардың жағдайы әртүрлі: 38-і жеке ғимараттарда, көбісі апатты жағдайда, 36-сы әкімдіктердің ғимараттарында, 18-і ауыл шаруашылығы құрылымдарының үй-жайларында, 8-і жеке тұрғын үйлерде орналасқан. Көптеген пункттерде электр қуаты, жылу, су, интернет және малмен жұмыс істеуге арналған қондырғылар жоқ. Бұл ветеринариялық іс-шаралардың тиімділігін төмендетіп, халықтың сеніміне кері әсерін тигізеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Жамбыл облысының үлгісі бойынша толық инфрақұрылымы бар капитальды ветеринариялық пункттер салуды жоспарлап отыр.

– Облыс аумағында 157 мал қорымы және 101 сібір жарасы жерленген орын бар. Оларды күтіп-ұстауға жыл сайын 10 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Былтыр сібір жарасы объектілерін жөндеуге 52 миллион теңге бағытталған және қазіргі кезде барлық 101 объект санитариялық талаптарға сәйкес келтірілген, – деді Рамиль Сағындықов. – Шекара маңы аумақтарын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес 1,3 миллиард теңгеге 54 мал қорымын салу көзделген. Оның ішінде келер жылы 25 объект, ал 2027 жылы 29 объект іске қосылады.

Облыста 54 санитариялық сою объектісі тіркелген, оның ішінде 19-ы – сою пункті, 35-і – сою алаңы. Олар 356 елді мекенге қызмет көрсетеді. Қосымша 27 объектінің қажеттілігі бар. Ветеринария басқармасы ауру малды санитариялық союды ұйымдастыру мақсатында бизнес өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүргізуде.

Жалпы алғанда, облыстағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. Бруцеллез, инфрақұрылымдық шектеулер, кадр тапшылығы және сою объектілерінің жетіспеушілігіне қарамастан эпизоотиялық қауіптерді төмендету бағытында тұрақты оң динамика байқалады.

Ветеринария басқармасы 2026-2027 жылдарға арналған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру үшін республикалық бюджеттен жалпы 3,6 миллиард теңге қаржы бөлгізуді жоспарлап отыр. Оның ішінде 7 аудандық ветеринариялық станцияны салуға – 210 миллион теңге, 70 ветеринариялық пункті салуға – 2,1 миллиард теңге, 54 мал қорымын салуға – 1,3 миллиард теңге.

Бұл жұмыстар өңірде халықтың денсаулығын сақтау, өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған. Барлық мүдделі тараптардың қолдауының арқасында қойылған міндеттер толық көлемде орындалатынына сенім бар.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу