KZ
Өскемен
-8°
ясно жел 1 м/с, С
504.76 593.8 6.5

ШҚО-да 1 миллионға жуық үй жануарына вакцина салынды

24.07.2025, 09:00 187 Төлеуғазы Жансая

Шығыс Қазақстанда эпизоотиялық жағдай тұрақты. Өңірде аса қауіпті жұқпалы аурулардың ошақтары тіркелген жоқ, ал ветеринариялық қызмет бұл жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

– Биыл жыл басынан бері облыс аудандарына 3,3 миллион доза ветеринариялық препарат жеткізілді. Бұл – жылдық көлемнің 70,4 пайызы. Эпизоотиялық қауіпсіздікке 1,9 млрд теңге бөлінді, – деді ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.

Оның айтуынша, әсіресе сібір жарасы секілді қауіпті зооноздық аурудың алдын алуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Себебі бұл ауру жануарға да, адамға да қауіпті. Оның қоздырғышы сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады. Тіпті топырақта 70 жылға дейін жойылмай, жұқпалы ауру көзі болып қала береді. Малға жұғуы көбіне ластанған жем-шөп арқылы болады. Адамдар да ауырып қалуы мүмкін – бұл көбіне ауру малмен байланыста болғанда, етін жегенде немесе өңделмеген өнімді пайдаланғанда кездеседі.

2000 жылдан бері облыста сібір жарасы бойынша тек жеке-жеке жағдайлар ғана тіркелген. Соңғы рет 2008 жылы Ұлан ауданының Жаңа Қанай ауылында және 2018 жылы Үлкен Нарын ауданының Алтынбел ауылында анықталған.

– Жыл сайын арнайы жоспар жасалып, вакцинация жұмыстары нақты мерзіммен және мал түрлеріне қарай жүргізіледі. Бұл жұмыстың бәрі малдарды сәйкестендіру базасына тіркеледі. Бақылау облыстық және аудандық деңгейде жүзеге асырылады. Мамандар ауылдарға шығып, тексеру жүргізеді, – деді басқарма басшысы.

2025 жылы өңірде сібір жарасына қарсы 1 373 749 профилактикалық шара өткізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 99,9 пайызы жеткізіліп, 959 285 мал басына екпе егілді. Бұл – жоспардың 69,8 пайызы.

Вакцина салынған мал басы:

  • ірі қара – 334 275 (жоспар – 492 930),

  • ұсақ мал – 460 720 (жоспар – 666 000),

  • жылқы – 146 750 (жоспар – 196 050),

  • шошқа – 12 825,

  • бұғы мен түйелер – жоспарланған көлемнің 100%-ына жуық егілді.

 Фото: Александр Шушеньков

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу