KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

ШҚО-да қауіпті инфекциялардың алдын алу жұмыстары күшейтілді

Фото: ШҚО ӨКҚ

16.04.2025, 17:21 416 Ержан Әбіш

Шығыс Қазақстан облысында сарып, сібір жарасы және құтырма секілді адам мен жануарлар арасында таралатын қауіпті зооантропоноздық инфекциялардың алдын алуға арналған айлық іс-шаралар жалғасуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Сәуле Слямғазина мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Айтуынша, алдын алу шаралары 31 наурыз бен 30 сәуір аралығында жүзеге асырылып жатыр. Облыс аумағында 2024 жылдың басынан бері сарып індетінің 40 жағдайы тіркелген. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі – еңбекке қабілетті ауыл тұрғындары.

– Медициналық және ветеринариялық қызметтердің үйлесімді жұмысының нәтижесінде 33 індет ошағы жедел оқшауланды. Аурумен байланыста болған 119 адам тексеріліп, олардың 14-інде сырқат ерте кезеңде анықталды. Бүгінде барлық науқас тиісті ем қабылдап, мамандардың бақылауында, – деді Сәуле Слямғазина.

Сібір жарасы бойынша биылғы бірінші тоқсанда адам арасында бірде-бір жағдай тіркелмеген. Алайда бұл инфекция бойынша алдын алу шаралары өзекті күйінде қалуда. Жыл сайын қауіп тобындағы адамдарға вакцина салу жұмыстары жүргізіледі. 2024 жылы 291 адам егіліп, жоспар 95,7 пайызға орындалды. Сонымен қатар, мамандар тұрғындарға сібір жарасының бұрынғы ошақтарына жақын аумақтарды пайдаланбау қажеттігін ескертіп отыр. Бүгінде облыс аумағында мұндай 101 ошақ бар. Көктемгі кезеңде бұл аймақтарда топырақтың жай-күйіне бақылау күшейтіледі.

Құтырма ауруына қатысты да жағдай жіті бақылауда. Биыл өңірде жануарлар арасында аурудың 6 ошағы тіркелген. Барлық байланыста болған 54 адамға дер кезінде вакцина егілді. Алдын алу шаралары белсенді түрде жүргізіліп жатыр. 2024 жылы 354 адамға, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 194 адамға екпе жасалып, жоспар 100 пайызға орындалған.

Департамент өкілдерінің айтуынша, медицина қызметкерлері тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын да жүйелі жүргізуде. Халыққа құтырманың қауіптілігі, аурудың белгілері және алдын алу жолдары туралы кеңінен ақпарат берілуде.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу