Елімізде жасанды интеллектпен наноспутник жасайтын оқушылар жарысы басталады
stock.adobe.com
Мемлекет басшысының 2025-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жолдауын іске асыру аясында жаңа жоба – AEROO Space AI Competition инженерлік жарысы қолға алынды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жарыстың басты ерекшелігі – инженерлік және бағдарламалық шешімдерді жасанды интеллект технологияларымен ұштастыру. Қатысушылар заманауи инженерлік әдістерді пайдаланып, өздерінің шағын наноспутниктерін әзірлейді.
Министрліктің мәліметінше, бастаманың мақсаты – оқушыларды инженерия, ғарыштық зерттеулер және IT саласына қызықтыру. Сонымен қатар жасанды интеллектіні ғылыми жобаларға енгізу арқылы халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті жаңа буын мамандарын даярлау көзделіп отыр.
Айта кетейік, 2025–2026 оқу жылынан бастап мектептерде «Цифрлық сауаттылық» пен «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект элементтері енгізілді. Сондай-ақ педагогтерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары іске қосылып, оқушыларға Day of AI әдістемелік кешені әзірленді. Жақында білім саласында жасанды интеллектіні қолданудың бірыңғай ұлттық стандарттары бекітілді.