KZ
Өскемен
-18°
туман жел 1 м/с, С
505.71 591.43 6.65

Президент тапсырмаларын орындау: Үкіметте инвестиция тарту қарқыны талқыланды

31.10.2025, 14:00 163 Базарова Айгүл

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында берілген экономикаға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz Үкіметке сілтеме жасап. 

Кеңес барысында министрліктер мен өңір әкімдіктерінің негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін арттыру және жаңа жобаларды іске асыру жұмыстары талқыланды. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, облыс әкімдері мен ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев баяндама жасады.

Олжас Бектенов Президент қойған 2029 жылға дейін ел экономикасына 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту міндетін еске салып, бұл бағыттағы жұмыстың қарқынын күшейтуді тапсырды.

Инвестициялық өсім бар, бірақ өңірлер арасындағы алшақтық сақталып отыр

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, 2025 жылдың тоғыз айында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13,8 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,5%-ға артық. Ең жоғары өсім энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында байқалады.

Қаражаттың басым бөлігі жылжымайтын мүлік, көлік және тау-кен өнеркәсібіне бағытталған. Өңірлер арасында Астана қаласы мен Түркістан облысы көш бастап тұр. Ал Қарағанды, Атырау, Ұлытау, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары жоспардан қалып келеді.

Бірыңғай ұлттық пул шеңберінде биылғы қазан айындағы жағдай бойынша 185 инвестициялық жоба іске қосылған. Жыл соңына дейін тағы 268 жоба пайдалануға берілуі тиіс.

Тікелей шетелдік инвестиция көлемі – 10,1 млрд доллар

Тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы көлемі 10,1 млрд долларды құрады. Негізгі капитал салынған бағыттар – өңдеу өнеркәсібі, қаржы секторы, көлік, байланыс және энергетика.

Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана қаласы ТШИ тарту бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізсе, Павлодар, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында қарқын төмен.

Премьер-министрдің айтуынша, негізгі капиталға инвестиция тарту жөніндегі жылдық жоспар небәрі 52,7%-ға орындалған. Ал шетелдік инвестициялар бойынша бұл көрсеткіш одан да төмен.

Кешігулер мен бюрократия – басты тежеу факторы

Олжас Бектенов жобалардың кешігуі көбіне мемлекеттік органдардың баяу жұмысы мен бюрократиялық рәсімдерге байланысты екенін атап өтті.

Мәселен, Атырау облысында жоспардың 42,8%-ы ғана орындалған, Ұлытау облысында көрсеткіш 61,5%, ал Абай облысында – НКИ бойынша 70,4% және ТШИ бойынша тек 26,2%. Мұнда жабдықтарды жеткізудегі кідіріс салдарынан мыс балқыту зауыты мен күнбағыс майын тазарту цехы сияқты бірқатар жобалар тоқтап тұр.

«Әкімдер мен министрлер инвестиция тарту мәселелерімен күн сайын тікелей айналысуы тиіс. Бұл – ең маңызды бағыт. Инвестиция болмаса, экономика дамымайды. Артта қалған өңірлердің әкімдері нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізбегені үшін өз орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуы қажет», – деді Премьер-министр.


Инвесторларды қорғау және кедергілерді азайту

Кеңес барысында инвесторларды сүйемелдеу жүйесінің тиімділігін арттыру, ірі жобаларды іске қосуға қажетті инфрақұрылым салу, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктері қаралды.

Инвестициялық штаб пен Бас прокуратураның бірлескен жұмысы нәтижесінде жергілікті деңгейде 380 заңсыз тексерудің, 450 әкімшілік іс жүргізудің және 200-ге жуық шектеу шарасының жолы кесілді.

Тізілімге енгізілген инвесторларға қатысты «прокурорлық сүзгі» жүйесі олардың мүдделерін қорғауға және әкімшілік қысымның алдын алуға мүмкіндік берді. Бүгінде ел экономикасына шамамен 19 трлн теңге инвестиция салған 1800 инвесторға мемлекеттік қолдау көрсетілген.

Үкіметтің жаңа міндеті – инвестициялық серпін

Премьер-министр кеңес қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды, инвесторлар үшін барынша ыңғайлы әрі болжамды іскерлік орта қалыптастыруды, сондай-ақ жобалардың нақты орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Олжас Бектеновтің айтуынша, экономиканың тұрақты дамуы мен жаңа жұмыс орындарын ашу, өңірлердің өндірістік әлеуетін арттыру тікелей инвестиция тартуға байланысты. Сондықтан Үкімет бұл бағытты стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырады.

«Инвестиция – тек капитал емес, жаңа технологиялар мен білімнің, жоғары стандарттардың келуі. Біз осы арқылы өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, азаматтарымыздың әл-ауқатын көтереміз», – деп түйіндеді Премьер-министр.





Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу