KZ
Өскемен
-28°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
510.95 594.49 6.5

Еңбек күні: Олжас Бектенов жұмысшы мамандықтар өкілдерін марапаттады

27.09.2025, 16:30 223 Ержан Әбіш

Премьер-министр Олжас Бектенов Еңбек күніне арналған «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» республикалық форумына қатысты. Ол Мемлекет басшысының атынан ел экономикасының дамуына үлес қосқан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне мемлекеттік наградалар табыстады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Үкіметінің Телеграм-арнасына сілтеме жасап.  

Форумда сөйлеген сөзінде Премьер-министр Президенттің Ұлттық құрылтайда атап өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты бүгінде қоғам дамуының басты бағытына айналғанын жеткізді.

Қазақстанда Еңбек күні он жылдан астам уақыт бойы аталып келеді. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында бұл мерекенің мән-маңызы артып отыр. Қазір елде 2,5 миллионға жуық маман еңбек етуде. Олардың қатарында шахтерлер, металлургтер, педагогтар, энергетиктер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар, агрономдар мен технологтар бар.

Үкімет жұмысшы мамандықтары иелеріне жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Жаңа бағдарламалар енгізіліп, еңбек жағдайлары жақсаруда. Президент бастамасымен іске қосылған «Наурыз жұмыскер» бағдарламасы арқылы бүгінде 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болды.
Сондай-ақ цифрландыруға ерекше мән беріліп отыр. «Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағын инновациялық даму жолында көреді. Жаңа технологиялар экономикалық өсімге және азаматтардың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Олжас Бектенов.

Биыл 9-сынып түлектерінің барлығы геология, машина жасау, энергетика, көлік, IT және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін колледждік біліммен қамтылды. Соңғы екі жылда студенттердің шәкіртақысы екі есеге артты.

Форум барысында Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жилбер Фоссун Хунгбо бейнеүндеу жолдап, әлеуметтік диалогтың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов сөз сөйледі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу