Президент атынан Премьер-Министр металлургтерге мемлекеттік наградалар табыстады
Премьер-Министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кәсіби мереке – Металлургтер күніне орай тау-кен металлургия саласының қызметкерлеріне берілген мемлекеттік наградаларды табыстады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Тау-кен металлургия кешені – өнеркәсіп дамуының негізі. Тәуелсіздік жылдарында бұл сала тұрақты экономикалық өсімге және әлеуметтік әл-ауқаттың нығаюына ықпал етті. 2024 жылдың қорытындысы бойынша саланың ел экономикасына қосқан үлесі 6,9% болды. Бүгінде бұл салада 110 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың күнделікті еңбегі машина жасау, құрылыс, мұнай-газ және энергетика салаларының дамуын қамтамасыз етеді.
Олжас Бектенов металлургия саласын дамыту Үкімет үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Өндірісті жаңғырту, жаңа кен орындарын игеру және заманауи технологияларды енгізу жұмыстары жалғасады.
Президент жариялаған Жұмысшы кәсіптер жылы аясында тау-кен металлургия кешенінің, соның ішінде металлургтердің еңбегіне ерекше назар аударылуда. Биыл алғаш рет Мемлекет басшысы екі жаңа мемлекеттік марапатты – «Қазақстанның еңбек сіңірген кеншісі» және «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» құрметті атақтарын тағайындады.
Биыл еліміз бойынша 600-ден астам тау-кен металлургия саласының үздік жұмысшылары мен еңбек ардагерлері марапатталды. Мемлекеттік наградаларды Астана және Алматы қалаларында, Ұлытау, Абай, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе және Қостанай облыстарында Индустрия және құрылыс министрі мен өңір әкімдері табыс етті.
Сала өкілдері Мемлекет басшысына еңбектеріне жоғары баға бергені үшін алғыс білдірді. «Kazakhmys Smelting» Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Болат Айдаболов награда – бүкіл саланың ел экономикасына қосқан үлесінің мойындалуы екенін айтты. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС флотацияшысы Гүлбану Жұмаділдина бұл марапат – ұжым еңбегінің жемісі екенін айтып, металлургтерге көрсеткен қолдауы үшін Президентке алғыс білдірді.