KZ
Өскемен
-7°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
509.94 593.88 6.43

ШҚО-да кәсіпкерлерді жаңа арнаулы салық режимін уақытылы таңдауға шақыруда

14.12.2025, 11:00 192 Төлеуғазы Жансая

2026 жылдан бастап Қазақстанда арнаулы салық режимдерінің саны қысқарады. Бұрын қолданыста болған 7 түрлі режимнің орнына тек 3 нұсқа ғана қалады. Осы өзгеріске байланысты жеке кәсіпкерлер мен кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға жаңа салық режимін алдын ала таңдап, қажет болған жағдайда тиісті хабарлама беру маңызды.

Егер кәсіпкер белгіленген мерзімге дейін өз таңдауын жасамаса, ол автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу жүйесіне ауыстырылады. Бұл жүйеде салық жүктемесі де, есептілік те күрделірек.

Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында түсіндірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

2026 жылдан бастап қандай өзгерістер енгізіледі?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі ресми түрде күшіне енеді. Кәсіпкерлер үшін ең маңызды жаңалықтардың бірі – арнаулы салық режимдерінің қайта қаралуы.

Жаңа Салық кодексіне сәйкес енді кәсіпкерлер мен салық төлеушілерге мынадай үш арнаулы салық режимі ұсынылады:

– өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі;

– оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;

– шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі.

Әр режим белгілі бір санаттағы азаматтарға арналған және өз талаптары мен артықшылықтары бар.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі

Бұл режим табысы көп емес, тұрақты түрде емес жұмыс істейтін азаматтарға арналған. Мақсаты – осындай адамдардың табысын заңдастырып, оларды зейнетақы, медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне тарту.

Аталған режим интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін курьерлерге, фрилансерлерге, онлайн қызмет көрсетушілерге де қолайлы.

Режимнің негізгі артықшылықтары:

– жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің қажеті жоқ;

– табыстан жеке табыс салығы алынбайды;

– қосылған құн салығы төленбейді;

– барлық есеп арнайы мобильді қосымша арқылы жүргізіледі;

– азамат зейнетақы, медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыса алады.

Бұл режимді Қазақстан азаматтары мен қандастар қолдана алады. Ол үшін мына талаптар сақталуы керек:

– жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген болуы;

– жалдамалы жұмысшыларды ұстамауы;

– Үкімет бекіткен рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысуы;

– ай сайынғы табысы 300 АЕК-тен аспауы (2026 жылы шамамен 1,3 млн теңге).

Режим аясындағы жалғыз міндет – табыстың 4 пайызы көлемінде әлеуметтік төлем төлеу. Бұл төлемдер азаматтың болашақтағы әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда патентпен, мобильді қосымша арқылы немесе интернет-платформаларда жұмыс істеп жүрген азаматтар осы режимге оңай өте алады.

Интернет арқылы жұмыс істейтіндер үшін әлеуметтік төлемдерді платформалардың өзі ұстап, бюджетке аударады. Ал байланыс жоқ елді мекендерде еңбек ететін азаматтар бұл төлемдерді ай сайын өздері төлеуі тиіс.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап патентпен немесе мобильді қосымша арқылы жұмыс істеп жүрген жеке кәсіпкерлер жеке кәсіпкер мәртебесін өз еркімен жабуы қажет. Егер олар 2026 жылғы 1 наурызға дейін оңайлатылған декларацияға көшу туралы хабарлама бермесе, салық органдары жеке кәсіпкер мәртебесін автоматты түрде тоқтатады.

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі

Бұл режим шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған. Оны жылдық табысы 600 000 АЕК-тен аспайтын кәсіпкерлер қолдана алады. 2026 жылы бұл шамамен 2,5 млрд теңгені құрайды.

Режим тыйым салынбаған барлық қызмет түрлеріне рұқсат береді. Салық кезеңі – жарты жыл.

Режимнің артықшылықтары:

– қызмет түрін таңдауда шектеу аз;

– жұмысшылар санына шектеу қойылмайды;

– қосылған құн салығы мен әлеуметтік салық төленбейді;

– бірыңғай салық мөлшерлемесі – 4%;

– мәслихаттар өңірлерде бұл мөлшерлемені 50 пайызға дейін төмендету немесе көтеру құқығына ие;

– табыс жоғары болған жағдайда жалақы қоры есебінен салық салынатын табысты азайтуға болады;

– шағын табысы бар жеке кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізуден босатылады;

– салық есептілігі жылына екі рет тапсырылады.

Алайда бұл режимді барлық кәсіпкерлер қолдана алмайды. Мысалы, үлесінде басқа заңды тұлғалар бар компаниялар, коммерциялық емес ұйымдар, арнайы экономикалық аймақтар мен «Астана Хаб» қатысушылары үшін бұл режим қарастырылмаған.

Сонымен бірге, жаңа Салық кодексі салықтан жалтару жолдарын шектеуді көздейді. Егер компания шығындарын әдейі көбейтіп көрсетсе, оның серіктестері бұл шығындарды өз есептерінде көрсете алмайды.

Бұл режимге көшу үшін 2026 жылғы 1 наурызға дейін хабарлама беру қажет. Ал режимнің өзі 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі

2026 жылдан бастап бірыңғай жер салығы алынып тасталады. Оның орнына шаруа және фермер қожалықтары жеке табыс салығын төлейтін болады.

Бұл режимді қолданудың басты шарты – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесінің болуы.

Режимнің артықшылықтары:

– бірқатар салықтар мен төлемдерден босатылады;

– жер, көлік, мүлік салығы және ҚҚС төленбейді;

– жеке табыс салығының мөлшерлемесі өте төмен – небәрі 0,5%;

– салық есептілігі жылына бір рет қана тапсырылады;

– салықты төлеу жылына екі рет жүзеге асырылады.

Бұл режимді қолданатын жеке кәсіпкерлер жаңа жүйеге автоматты түрде көшіріледі. Қосымша хабарлама берудің қажеті жоқ.

Жаңа Салық кодексі кәсіпкерлер үшін өтпелі кезеңді барынша жеңілдетуді көздейді. Дегенмен әр кәсіпкер өз қызметіне сәйкес арнаулы салық режимін дер кезінде таңдауы тиіс.

Ең бастысы – 2026 жылғы 1 наурызға дейін:

– жаңа арнаулы салық режимін таңдау;

– немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін жеке кәсіпкер мәртебесін жабу қажет.

Егер бұл талаптар орындалмаса, салық төлеуші автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу жүйесіне көшіріледі.

Елизавета Седых

Фото: жасанды интеллект

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу