2026 жылдан бастап жеке табыс салығы жаңа тәртіппен есептеледі
stock.adobe.com
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Құжатта жеке табыс салығына қатысты бірқатар елеулі өзгерістер қарастырылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа кодекске сәйкес, табысқа салық прогрессивті мөлшерлеме бойынша есептеледі. Яғни, 8 500 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 33,4 млн теңгеге) дейінгі табысқа 10 пайыздық мөлшерлеме қолданылады. Ал бұл сомадан жоғары табыс бөлігінен 15 пайыз көлемінде салық ұсталады. Нотариустар, адвокаттар, медиаторлар мен сот орындаушылары сияқты жеке практикамен айналысатын тұлғалар табысына 9 пайыз мөлшерлеме бойынша салық төлейді.
Сонымен қатар дивидендтер бойынша бұрынғы 30 мың АЕК-ке дейінгі жеңілдік алынып тасталды. Енді 230 мың АЕК-ке дейінгі дивидендтерге 5 пайыз, одан асқан көлемге 15 пайыз мөлшерлеме қолданылады. Жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының табысы да осы тәртіппен салықтандырылып, 230 мың АЕК-ке дейінгі табысқа 10 пайыз, одан жоғары табысқа 15 пайыз көлемінде салық салынады. Шаруа қожалықтарына салық сомасын 70 пайызға азайту құқығы беріліп отыр, бұл іс жүзінде 3 пайыздық мөлшерлемеге тең.
Қосымша ақпарат алу үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің 8 (7232) 24-43-30 нөміріне хабарласуға болады.