Мемлекет басшысы жаңа cалық кодексіне қол қойды
Фото: t.me/aqorda_resmi
Мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне және оған ілеспе «Салық салу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді ауқымды түрде жеңілдетуді көздейді: салық есептілігінің көлемі 30%-ға, салықтардың саны 20%-ға қысқарады, жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады. Маңызды өзгерістер барлық негізгі бағыттарға – корпоративтік және жеке табыс салығынан бастап инвестицияларды ынталандыру мен салықтық жүктемені қайта бөлуге дейін қатысты.
Қосылған құн салығының (ҚҚС) жаңа базалық мөлшерлемесі – 16% болып белгіленді. Дәрі-дәрмектер мен медициналық қызметтер үшін ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемесі 2026 жылдан бастап – 5%, 2027 жылдан – 10% болып белгіленді.
ҚҚС төлеуден босатылатын қызметтер қатарына мынадай қызметтер жатады: кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі (КТМКК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтер, Үкімет белгілейтін тізім бойынша сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, кітаптарды баспа түрде шығару қызметтері, археологиялық жұмыстар.
Периодты басылымдарды жүзеге асыру үшін ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемесі – 10% белгіленді. ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 000 АЕК-ке дейін (40 млн теңге) төмендетілді.
Жеке табыс салығынан (ЖТС) Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері босатылады. 10 жылдан асқан автокөліктер үшін көлік салығы төмендетілді. Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салықтық шегерім 882-ден 5 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Салықтардың саны қысқартылды: бірыңғай жер салығы алынып тасталды, кейбір төлемдер бойынша мөлшерлемелер мен алымдар саны азайтылды.
Арнайы салық режимдері оңтайландырылды – енді олар үшеу: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізінде және шаруа қожалықтары үшін.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлемдерді мобильді қосымша арқылы есептеп, төлей алады.
Корпоративтік табыс салығы (КТС) 20% деңгейінде сақталады, бірақ сараланған мөлшерлемелер енгізіледі: банктер (бизнес субъектілерін несиелеуден басқа) мен ойын бизнесі үшін – 25%, әлеуметтік сала ұйымдары үшін – 2026 жылы 5%, 2027 жылы 10%. Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдікті мөлшерлеме – 3% сақталады.
Қор нарығын ынталандыру үшін биржалық бағалы қағаздар бойынша төленетін дивидендтерге салықтық жеңілдіктер сақталады. 2031 жылға дейін «Бәйтерек» холдингі шығарған бағалы қағаздардан түсетін кірістер КТС-тен босатылады. Сонымен қатар пайдалы қазбаларды қайта өңдеу және барлау саласы үшін преференциялар қарастырылған, оның ішінде табысы аз жаңа кен орындары үшін пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (ПҚӨС) бойынша 5 жыл мерзімге нөлдік мөлшерлеме белгіленеді.
ЖТС бойынша прогрессивті мөлшерлемелер енгізіледі. Жылына 8 500 АЕК-тен асатын азаматтардың жиынтық табысына 15% жоғарылатылған мөлшерлеме қолданылады. Осындай мөлшерлеме дивидендтер мен жылдық табысы 230 000 АЕК-тен асатын кәсіпкерлерге де енгізіледі. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне берілген жеңілдікті ескере отырып – бұл шектен асқан табысқа 4,5% мөлшерінде салық салынады.
Жеке тұлғалар үшін қымбат тауарларға 10% акциз түрінде жоғарылатылған салық енгізіледі: құны 75 млн теңгеден асатын автокөліктер, 100 млн теңгеден асатын кемелер, литрі 0,5 млн теңгеден асатын алкоголь, данаcы 10 мың теңгеден асатын сигаралар. Сондай-ақ, егер жылжымайтын мүлік объектілерінің жалпы құны 450 млн теңгеден асса, мүлік салығы да көтеріледі.
Салықтық әкімшілендіруде тәсілдер едәуір өзгереді. Камералдық бақылау ескерту сипатында болады. Салықтық берешекті өндіріп алу, кейінге қалдыру және бөліп төлеу рәсімдері жеңілдетіледі. Берешек мөлшері шамалы болған жағдайда бизнес шоттары бұғатталмайды. Хабарламалар мен шаралар қарыз сомасына байланысты кезең-кезеңімен қолданылады.
Кодекс 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
Кодекс мәтіні баспасөзде жарияланады.