МӘМС жүйесіндегі өзгерістер: медициналық қызмет қолжетімді болмақ
Фото: t.me/aqorda_resmi
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жарна төлеуде әділдік және жүйенің тұрақтылығы
Мемлекет жарна төлеу ережелеріне жаңа шектеулер енгізіп жатыр. Аталған өзгерістер әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің 2043 жылға дейін тұрақты жұмыс істеуіне көмектеседі. Яғни, жүйеде қаржы жеткілікті болып, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіле береді.
Ондағы мақсат:
• Қаржылық жүктемені әділ бөлу, яғни табысы жоғары азаматтар көбірек жарна төлейді;
• Әлеуметтік теңдік. Табысы төмен азаматтарды мемлекет қолдайды.
Мәртебені сақтау жеңілдігі
Егер азамат 5 жыл бойы үздіксіз жарна төлесе, ал кейін қандай да бір себеппен жарна төлеуін тоқтатуға мәжбүр болса, алты ай бойы оның мәртебесі сақталады. Осы уақыт аралығында бұрынғыдай медициналық көмекті тегін ала береді.
Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан халықтың кейбір санаты үшін (мысалы: балалар, зейнеткерлер, студенттер, көпбалалы аналар және т.б.) МӘМС жарнасы төленуде. Бұл жарна орташа айлық жалақының 2%-дық мөлшерімен есептеледі.
Ал жаңа заң бойынша, МӘМС жарнасы кезең-кезеңімен өсіп, бастапқы 2%-дан (қазіргі) 7%-ға (заң жобасында ұсынылған көлем) дейін жетеді. Бұл жүйе мемлекетке түсетін қаржы көлемін арттырып, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысуын қолдауға бағытталған.
Медициналық қызметтерге қолжетімділік қалай жақсарады?
2026-2027 жылдары мемлекет жаңа ереже енгізуді жоспарлап отыр:
Қазір медициналық көмек екіге бөлінеді. Бұлар:
1. Кепілдендірілген көмек (барлық азаматтарға арналған);
2. Сақтандырылғандарға арналған көмек.
Енді осы екі пакетті біріктіріп, біртұтас «бірыңғай пакет» жасау көзделіп отыр. Яғни, медициналық қызметтің қай түрі жалпыға ортақ, бәріне, ал қай түрі тек «сақтандырылғандарға» көрсетілетіні нақты және анық белгіленеді.
Бұл не үшін жасалады?
- Қайталанатын қызметтерді болдырмау үшін;
- Медицина саласында ашықтық болу үшін;
- Қандай қызмет көрсетілетінін алдын ала жоспарлау үшін қажет.
Осылайша, адамдар медициналық көмекке не кіретінін, қай жағдайда, қандай көмек ала алатындарын алдын ала білетін болады.
Әлеуметтік маңызы бар аурулар – кепілдік пакеті аясында
Онкологиялық скрининг, туберкулез, АИТВ және созылмалы аурулар сақтандыру мәртебесіне қарамастан, кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне енеді.
Енді бұл тексерулер тек сақтандырылғандарға ғана емес, барлық азаматтарға тегін, яғни қолжетімді болады. Бұл – ерте анықтау, уақтылы емдеу және аурудың таралуын болдырмау мақсатында жасалған маңызды қадам.
Әлеуметтік осал топтарға қолдау
«Цифрлық отбасы картасы» арқылы әлеуметтік тұрғыдан әлсіз отбасылар анықталып, оларға нақты көмек көрсетіледі.
2026 жылдан бастап табыс деңгейі төмен отбасыларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі жарналарды жергілікті бюджет есебінен төлеу жоспарланып отыр.
Алдын ала болжам бойынша, бұл тізімге шамамен 1 миллион адам ілігеді.
Бұл өз кезегінде, олардың жоспарлы медициналық көмекке қол жеткізулеріне мүмкіндік береді.
2026 жылдан бастап Қазақстанда медициналық сақтандыру жүйесінде бірқатар маңызды өзгерістер енгізіледі. Аталған өзгерістер денсаулық сақтау жүйесіне деген ел сенімін нығайтып, ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл жаңашылдықтар халыққа көрсетілетін медициналық қызмет түрлерін айқындап, ақшалай жүктемені әділ бөлуге және әлеуметтік маңызы бар скринингтердің барлығына қолжетімді болуына негізделген.