«Қауіпсіз жол» республикалық шарасы басталды – жүргізушілерге ескерту жасалды
depositphotos.com
15–30 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірінде «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Оның мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, апаттардың алдын алу және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шара барысында полиция жол ережесінің сақталуын қатаң бақылап, ауыр зардаптарға әкелетін құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударады. Олардың қатарында жылдамдықты шамадан тыс асыру, қарсы жолаққа шығу және қауіпті маневр жасау, көлікті мас күйінде басқару, балалар мен жолаушыларды қауіпсіздік талаптарын сақтамай тасымалдау бар. Сонымен бірге көлік құралдарының техникалық жарамдылығы, жарық шамдары мен тежеу жүйесінің дұрыстығы тексеріледі. Полиция қызметкерлері мектеп маңында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлмек.
Акция аясында патрульдік полиция қосымша бекеттер қойып, республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың апатты учаскелерінде бақылауды күшейтеді. Күзде жолдағы жағдай қиындай түсетіні белгілі: күннің жарық уақыты қысқарады, тұман мен жаңбыр жолды тайғақ етеді, ал жаңа оқу жылының басталуымен көлік қозғалысы артады.
Полиция жүргізушілерге көліктерін күзгі-қысқы маусымға алдын ала дайындауды, жылдамдықты қатаң сақтауды, мас күйінде көлік жүргізуден бас тартуды ескертеді. «Жолдағы қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Жылдамдықты азайту, жол беру, мұқият болу – осындай қарапайым шешімдер біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін», – деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Айта кетейік, соңғы күндері елімізде үш бірдей ірі жол апаты тіркеліп, 25 адам көз жұмды.