KZ
Өскемен
-28°
туман жел 2 м/с, СБ
510.95 594.49 6.5

Елімізде өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75 жастан асты

pixabay.com

26.08.2025, 09:00 273 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанда халықтың өмір сүру ұзақтығы алғаш рет 75,4 жасқа жетті. Бұл – 2024 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген көрсеткіш. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, мұндай нәтижеге ана мен бала денсаулығын қорғау, жаңа технологияларды енгізу және профилактикалық шараларды күшейту арқасында қол жеткізілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Соңғы жылдары елімізде ана мен бала өлімі көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. 2024 жылы ана өлімі 12%-ға азайып, тарихи минимумға жетті. Сонымен қатар неонаталдық өлім 20%-ға, сәби өлімі 11%-ға, ал жалпы бала өлімі 8%-ға қысқарған. Мамандардың айтуынша, бұл нәтижелер заманауи медициналық технологияларды енгізу және жүктілікті ерте кезеңнен бақылаудың тиімді жүйесін қалыптастырудың жемісі.

Өткен жылы Қазақстанда алғаш рет «Феталды медицина» инновациялық технологиясы енгізілді. Оның көмегімен 71 жатырішілік ота жасалып, 96 нәрестенің өмірі сақталып қалды. Бұл – отандық медицинадағы жаңа кезеңнің бастамасы ретінде бағалануда.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ғана туа біткен даму ақаулары бар 600-ден астам нәрестеге ота жасалды. Бұрын мұндай балалардың көпшілігі шетелге жіберілсе, бүгінде күрделі операциялар еліміздің өзінде жасалуда.

Ауытқуларды ерте анықтау үшін елде заманауи инфрақұрылым құрылып жатыр. Бір күндік клиникалар мен Ұрықты қорғау орталықтары ашылды. Жаңа туған сәбилерге төрт түрлі скрининг жүргізу тәжірибеге енгізілді: неонаталдық, аудиологиялық, психофизикалық және офтальмологиялық.
Нәтижесінде туа біткен ақаулары бар балалар арасындағы бастапқы мүгедектік 7,5%-ға азайды. Ал жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі 88%-дан 93%-ға дейін көтерілді.

ЮНИСЕФ қолдауымен елдің әр өңірінде Балаларды дамыту және ерте араласу орталықтары ашылып жатыр. Бүгінде олардың саны 100-ден асады. Бұл орталықтарда дамуында қиындықтары бар балалар кешенді көмек алады.
Сонымен қатар, аутизм диагнозы қойылған балалар санының артуына байланысты олардың реабилитациясына арналған төсек-орын қоры төрт есеге ұлғайтылды. Әрбір алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымында педиатриялық бөлімдердің ашылуы да балаларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.

Аналардың денсаулығын қорғау да басты назарда. Алғаш рет әйелдердің репродуктивтік денсаулығын нығайтуға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Шалғай ауылдардағы жүкті әйелдер үшін «Салауатты ана» пансионаттары ашылып, жоғары қауіп тобына жататын аналарды алдын ала госпитализациялау қолға алынды.

Бұл бастама ауылдық жерлерде тұратын әйелдерге сапалы медициналық көмек қолжетімді болуына мүмкіндік береді.Қазақстандағы соңғы жылдары байқалып отырған оң көрсеткіштер денсаулық сақтау жүйесінің жүйелі реформалары мен инновацияларды енгізудің нәтижесі екені айқын. Сарапшылардың пікірінше, қазіргі бастамалар алдағы жылдары халықтың өмір сүру ұзақтығын одан әрі арттырып, ана мен бала өлімін төмендетуге ықпал етпек.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу