KZ
Өскемен
-6°
плотный туман жел 3 м/с, С
505.53 593.44 6.34

«Анашым, құдіретіңе табынамын»: жүрекке жол тартқан әннің авторы Жиынбек Рәбілұлымен жүздесу

24.12.2025, 09:00 152

Шығыс Қазақстанда «Ер жігітке жеті өнер аз, жетпіс өнер көп емес» атты мазмұны терең, тағылымы мол шығармашылық кеш өтті. Өнер мен спортты, қалам мен қайратты қатар алып жүрген көпқырлы тұлға – Жиынбек Рәбілұлының шығармашылығына арналған бұл рухани кездесу өнерсүйер қауым мен жастардың басын қосты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында өткен кештің тізгінін Күршім ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Бақытқан Өлмесеков ұстады. Кештің шымылдығын ашқан модератор алғашқы сөзін Жиынбек Рәбілұлының болмысын кеңінен ашатын тебіреністі оймен бастады.

– Біз бүгін нағыз қазақтың қасиетін бойына сіңірген азаматты ұлықтап отырмыз. Жиынбек – ауылда өскен, судың тұнығын ішіп, ауаның тазасын жұтқан, ұлттық тәрбиемен сусындаған тұлға. Осындай ортада қалыптасқан азаматтың жүрегі әрдайым ел деп соғады. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан шығады» деген сөз бар. Жиынбектің өмір жолы – осының айқын дәлелі. Бүгінгі кеш көпке ой салады деп сенемін, – деді ол.

Кештің бас кейіпкері Жиынбек Рәбілұлы 1965 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Қойтас ауылында дүниеге келген. Заң саласында қызмет ете жүріп, спорт пен өнерді қатар алып жүрген ол – табандылық пен талантты бір арнаға тоғыстырған сирек тұлғалардың бірі. «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені емес, екі өнер меңгермегені – кемдігі» деген халық даналығын өмірлік қағидасына айналдырған азаматтың өнегелі жолы кеш барысында кеңінен әңгімеленді.

Шара барысында Жиынбек Рәбілұлының спорттағы жетістіктері ерекше аталып өтті. Ол – бокстан Балтық жағалауы әскерилерінің чемпионы, таэквондодан қара белбеудің 1-дан иегері, «Әділ жауап» ұрыс өнері мектебінің негізін қалаушы. Сондай-ақ, аңызға айналған Мұстафа Өзтүріктің қолынан қара белбеу алған алғашқы шығысқазақстандықтардың бірі. Бұл жетістіктер – темірдей тәртіп пен тынымсыз еңбектің нәтижесі екені айтылды.

Кеш барысында сөз алған Жиынбек Рәбілұлы туған өлкесіне деген сағынышын да жасырмады. 

– Өскен елім – Өскеменіме келіп қалдым. Жылы қарсы алып жатқан барша ағайынға алғысым шексіз. Осындай кездесулер көпке ой салып, жастарға үлгі болса екен деймін, – деді ол.

Шығармашылық қырына келгенде де Жиынбек Рәбілұлы – қаламы қарымды қаламгер. Ол – «Біз осындай халықпыз», «Махаббат жолы», «Тірлік» атты үш кітаптың авторы, алпысқа жуық ән мен терменің иесі. Кеш барысында жүрекке жол тапқан «Анашым, құдіретіңе табынамын» әнінің шығу тарихы баяндалып, әсерлі музыкалық нөмірлер орындалды. Бұл сәтте залдағы көрерменнің көңіл күйі ерекше толқыды.

Кездесу барысында кейіпкер өзінің рухани ұстазы ретінде Қадыр Мырза Әлиді айрықша құрметпен еске алды.

– Алғашқы ұстазым – анам, екінші ұстазым – ауылда әріп танытқан мұғалімім, ал үшінші ұстазым – Қадыр Мырза Әли. Алматыға келген бетте сол кісіні арнайы іздеп бардым. Ақынның әр сөзі, әр ақылы мен үшін өмірлік бағдар болды. Бүгінгі кеште сол кісімен байланысты естеліктерді бөлісіп, рухани сабақтастықты көрсеткім келеді, – деді Жиынбек Рәбілұлы.

Кездесу сұхбат форматында өтіп, қатысушылар кейіпкердің өмірлік ұстанымы, ұлттық құндылықтар, жастар тәрбиесі жөніндегі ойларын тыңдады. Еркін әңгіме мен тағылымды ойлар кеш мазмұнын байытып, рухани әсер сыйлады.

Тағылымды шара ерлік пен өнердің, рух пен шығармашылықтың үйлесімін көрсеткен мазмұнды кеш ретінде есте қалды. «Өнерлі өрге жүзер» деген халық даналығының өміршеңдігін дәлелдеген бұл рухани жүздесу қатысушыларға шабыт пен ой салды.


Жайна Сыранова

Фото: Артем Жигулин

Видео: Жалғас Сақадиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу